Спорт • 13 Сәуір, 2020

«Қарғыс атқан» жекпе-жек

456 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде аралас жекпе-жек түрінен әлемде «Ultimate Fighting Championship» яғни, UFC турнирінің өзге ұйымдарға қарағанда шоқтығы биік. Бұл ұйымның додасында сынға түсу кез келген спортшыға бұйыра бермейді. Ол үшін файтер екінші деңгейлі бәсекелерде ысылып, тәжірибе жинауы керек. Одан қала берді рейтингтегі дәрежесі де жоғары болуы тиіс.

«Қарғыс атқан» жекпе-жек

 

 

Мамандар бүгінде UFC ұйымы аренаға жанкүйер жинау, телетрансляция сатылымы жағынан болсын кәсіпқой бокс спортына жетіп қалды деп есептейді. Себебі бұл спорт түрінің де әлемге әйгілі жұлдыздары жетерлік. Жалпы UFC даңқының жер жаһанға кең таралуына осы ұйымның белді файтерлері Деметриус Джонсон, Жорж Сен-Пьер, Андерсон Сильва, Даниэль Кормье, Хабиб Нурмагомедов, Конор МакГрегор және тағы басқа да спортшыларының еңбегі орасан. Әсіресе тек сегіз бұрыш ішінде емес, сыртында да түрлі шоу жасаудың хас шебері, өз басына жетерлік «сайқымазақтығы» бар МакГрегор UFC спортын әлемдік деңгейге жеткізді десек артық айтқандық емес. Қазір МакГрегорды танымайтын адам кемде кем шығар. 

Біздің негізгі айтпағымыз UFC-дің қалай әлемдік деңгейге шыққаны емес, UFC ұйымының президенті Дана Уайттың бес жылдан бері бір жекпе-жекті ұйымдастыра алмай жүргені туралы болмақ. Қай жекпе-жек екенін де сезіп отырған шығарсыздар. Иә, сол баяғы Хабиб Нурмагомедов пен Тони Фергюсон арасындағы айқас.

Бұған дейін хабарланғандай ресейлік Хабиб Нурмагамедов пен АҚШ өкілі Тони Фергюсон арасындағы айқас 18 сәуірге жоспарланған болатын. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 11 наурызда коронавирус індетін пандемия деп жариялағаннан кейін барлық спорт түрін ұйымдастыруға шектеу қойылды. Тек UFC президенті Дана Уайт қана жоспарланған турнирін ұйымдастыру үшін бар күшін салатынын, тіпті керек болса вируспен айқасуға да дайын екенін мәлімдеді. Оның бұлай айтуына екі себеп бар еді.

Біріншісі, бұған дейін Хабиб Нурмагомедов – Тони Фергюсон жекпе-жегі екі рет Хабибтің, екі рет Тонидің жарақатына байланысты 4 рет өтпей қалғанында Уайт ештеңе істей алмаған-ды. Ал биылғы айқасқа екі спортшы да сақадай-сай тұрып, әлем жұрты күткен екі жұлдыздың жұдырықтасуы әне-міне болады деп тұрғанда Уайттың бұл жолы жеңілгісі келмеді.

 Екінші, пандемияға байланысты барлық жарыс тоқтап жатқанда Уайт осы турнирді өткізу арқылы әп-сәтте мол табысқа кенелгісі және осындай қиын-қыстау кезеңде ештеңеге қарамай, вирустан да қорықпай турнир өткізу арқылы ол спорт-промоушен әлемнің аңызына айналғысы келді.

Тіпті, АҚШ-тың Бруклин қаласындағы  Barclays Center аренасында өтуі тиіс болған кездесу Нью-Йорк штатының Атлетикалық комитеті шешімімен кейінге қалдырылған кезде де Уайт еш саспастан жекпе-жек 100 пайыз өтеді деп сендірді. Керек болса, коронавирус жетпеген жекелеген аралды жалға алып болсын бұл айқасты ұйымдастырам деген-ді. Бірақ кездесуге 10 күн қалғанда Хабиб Ресей Федерациясы пандемияға байланысты шекараны жауып, ұшақ қатынасын тоқтатып тастағанын алға тартып, бұл айқасқа қатыса алмайтынын хабарлады. Дана Уайт бұл хабарды ести сала Тониге қарсылас іздей бастады. Айналдырған 1-2 күн ішінде оған қарсылас тауып, тіпті андеркардта өнер көрсететін спортшылардың да тізімін жариялап қойды. Әйткенмен бәсекенің өтуіне бір апта қалғанда Уайт жеңілгенін мойындап, турнир өтпейтінін мәлімдеді. «Миллиондаған жанкүйер тағатсыздана күткен турнирді қалай да ұйымдастыру үшін барымды салдым. Бірақ жоғары жақтан маған үлкен адамдар хабарласып, өтініш жасады. Солардың айтқанына көнбеске болмады», дейді Дана Уайт. Осылайша, Хабиб Нурмагомедов – Тони Фергюсон жекпе-жегі тарихта бесінші рет өтпей қалды. Осыдан кейін жанкүйерлер тарапынан екі спортшының айқасы сынға ұшырап, бұл бір «қарғыс атқан» жекпе-жек болды деп айыптап жатыр. Әрине, жанкүйерлерді де түсінуге болады. Әдейі ұйымдастырылған шоу да мұншалықты ұзаққа созылмас еді.

Аралас жекпе-жек жанкүйерлерінің есінде болса, Хабиб пен Тони арасындағы ең алғаш жекпе-жек осыдан 5 жыл бұрын, яғни 2015 жылы өтуі керек болған-ды. Бірақ сол жылы Нурмагомедов жаттығу барысында жарақат алып, кездесуден бас тартты. Ал 2016 жылғы жекпе-жек АҚШ спортшысының жарақатына байланысты кейінге қалдырылды.

Арада бір жыл өткенде екі спортшы тағы да айқас өткізуге уағдаласты. Бұл жолы жекпе-жекке бір күн қалғанда Хабиб салмақ қуамын деп ауруханаға түсіп қалды. 2018 жылғы кездесу енді Тонидің жарақатына байланысты тағы да кейінге қалдырылды. Ал енді екі спортшы арасындағы бесінші айқасқа жарақат емес, әлемді жалмаған коронавирус індеті себеп болды.

Десе де миллиондаған жанкүйер күткен жекпе-жектің биыл да өтпей қалғаны өкінішті, әрине. Ғасыр айқасына үміткер болатын бұл кездесу ұйымдастырылғанда карантинде отырған UFC көрермендері тамаша жекпе-жектің куәсі болар еді. Бірақ бұл жұдырықтасуды ұйымдастыру әзірше Дана Уайттың, айқасты тамашалау біздің, яғни жанкүйерлердің маңдайына жазылмаған екен. Бәлкім, Уайт ағай келесі жылы ұйымдастырып қалар.