
Бүгін, 6 қыркүйек күні Еуропаның көптеген елдерінде 2014 жылы Бразилияда өтетін әлем чемпионатының іріктеу ойындары ойналды. Қазақстан құрамасы өз алаңында Фарер аралдары командасын қабылдады.
Біршама тартысты өткен бұл кездесудің қорытындысында біздің футболшылар жеңіске жетті. Есеп – 2:1.
Қазақстан: Андрей Сидельников, Юрий Логвиненко, Александр Кислицын (Сергей Остапенко, 84), Қайрат Нұрдәулетов, Виктор Дмитриенко, Нұрбол Жұмасқалиев (Марат Хайруллин, 90), Дмитрий Шомко, Анатолий Богданов, Сергей Хижниченко, Алексей Щеткин, Валерий Коробкин (Андрей Финонченко, 46).
Фарер: Гуннар Нильсен, Йонас-Тор Нес, Вильормюр Давидсен, Рогви Бильдванссон, Йохан Дваидсен, Суни Ольсен, Фроуди Беньяминсен, Халлюр Ханссон (Палл Клетскер, 80), Кристиан Хольст, Йохан Эдмундсон (Хейни Ватнсдаль, 80), Кристан Моуритсен.
Ескертулер: Йонас-Тор Нес (49),Халлюр Ханссон (51).
Жасыратыны жоқ, біздегі өлшеммен алғанда, кішігірім бір ауданның мөлшеріндей халқы бар (48 500) мәңгі тоңның үстінде отырған елдің жасағы алаң иелеріне оншалықты бой бере қоймады. Міне, сол, мәселеңки, Қызылорда облысындағы Жалағаш не Сырдария секілді ең шағын аудандардың біріндегідей ғана жұрт жайлаған арал-мемлекеттің әуесқой футболшылары біздің кәсіпқой мұңсыздардың әптер-тәптерін шығарды. Егер кездесудің 50-минутында Нұрбол Жұмасқалиев Сан-Маринодан келген арбитр Джонни Казанова белгілеген пенальтиден қарымта гол соғып, есепті теңестірмегенде, хәліміз тіпті мүшкіл болғандай екен. Ал есепті қонақтар 23-минутта ашты (Фроуди Беньяминсен). Ойынның соңғы нүктесін Андрей Финонченко 64-минутта қойып, жеңісті тартып әперді.
Қазірге дейін тағы мына командалар арасындағы ойын нәтижелері белгілі болып отыр:
Ресей – Люксембург 4:1
Чехия – Армения 1:2
Мұнда сырт алаңда ойнап-ақ Чехия сынды футболы мықты дамыған елдің терме жамағатын ұтып шыққан армяндарға еріксіз тәнті тұрасың.
Дамир Қожамқұл.