Коронавирус • 13 Сәуір, 2020

Алматыдағы №12 аурухана дәрігерлеріне жаппай індет жұқтырған кім?

2331 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда қазір екі бірдей емдеу мекемесі жұмысын тоқтатуға мәжбүр болып отыр. Қаладағы Балалар жұқпалы ауруханасымен бірге, бұрынғы №12 аурухана, яғни Орталық қалалық клиникалық ауруханасы да карантинге жабылды.

Алматыдағы №12 аурухана дәрігерлеріне жаппай індет жұқтырған кім?

Тек 11 сәуірден бері қалада коронавирустық инфекция құрығына денсаулық саласының 37 өкілі іліксе, тек бүгін 13 сәуірде, яғни бір күнде 27 медицина қызметкері індетке шалдыққаны ресми мәлім болды. Оның 20-сы Орталық қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері мен орта және кіші буындағы медперсоналы болса, 7 адам Балалар жұқпалы ауруханасына қарайды.

Сонымен, дүйсенбі күні Орталық қалалық клиникалық ауруханасының 20 медицина қызметкерін төсекке сұлатқан індет қайдан келді?

Алматының бас санитар дәрігері Айзат Молдағасымованың бұл сауалға берген жауабы төмендегідей болды.

Наурыз айының соңында осы №12 ауруханаға МРТ-дан өтуге індет жұқтырған пациент келген. Ол осы бөлімшенің дәрігері және медбикесімен байланыста болған.

Алдымен осы арада 11 сәуірде Орталық қалалық клиникалық ауруханасының 12 дәрігері індет жұқтырғаны белгілі болған еді. Бүгін тағы да дәл осы ауруханадағы басқа да медицина қызметкерлеріне COVID-19 диагнозы қойылғанын Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев растады.

Сол сияқты бүгін Балалар жұқпалы ауруханасынан бұрын жұқтырғандармен байланыста болған 7 медицина қызметкерінде індет зертханалық түрде анықталды.

Алматының бас санитарының айтуынша, коронавирустық инфекция жұқтыруға сақтық шараларын сақтамаған дәрігерлердің өздерін де кінәлі көрінеді.

Соңғы деректерге сенсек, полисегментарлы пневмонияға байланысты 2 медицина қызметкерінің жағдайы ауыр. Сондай-ақ, Алматыда карантинге жабылған Орталық қалалық клиникалық ауруханасында коронавирус жұқтырған дәрігерлермен байланыста болған 316 адам оқшауланғаны туралы да Алматының бас санитар дәрігері мәлімдеді.

«Біз жақын байланыста болған 316 адамды оқшауладық. Мұның Алматыдағы ең үлкен клиника екенін ескеру керек. Мұнда 1000-нан аса қызметкер бар, екі бөлім бойынша 316 адам оқшауланды», – деді Бас санитар.

Алматыда коронавирус жұқтырған дәрігерлерге байланысты эпидемиологиялық тергеу басталды.

 

 

АЛМАТЫ