Қазақстан • 13 Сәуір, 2020

Нұрсұлтандықтардың 20%-ы жұмысына оралады

192 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік комиссия шешімімен 20 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы бірқатар экономика секторларының жұмысы қалпына келтіріледі. Олардың нақты тізімі 15 сәуірде белгілі болады. Жұмысын жалғастыруы мүмкін секторлар туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев хабарлады.

Нұрсұлтандықтардың 20%-ы жұмысына оралады

«Біріншіден, аталған өзгеріс Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында бір уақытта енгізілгенімен екі қалада жұмыс процесінде айырмашылық болуы мүмкін. Оның себебі, осы қалалардың эпидемиялық жағдайының және экономикасының айырмашылығына байланысты. Сондықтан барлық ньюанстарды әкімдіктер тұрғындарға алдын ала хабарлап, түсіндіріп отырады. Екіншіден, карантин талаптарының өзгерісі бірден емес, кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Әр кезеңде Денсаулық сақтау министрлігінің қорытындысы есепке алынады»,- деді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, қазір тек бірінші кезең туралы сөз болуда. Бұл кезеңде ауру жұғу қаупі ең аз деген кәсіпорындар іске қосылады. Бұндай кәсіпорындарда санитарлық нормаларды сақтау бойынша арнайы протоколдар дайындалады. Оның орындалуы тұрақты түрде тексеріледі. Егер кәсіпорын талаптарды бұзса, қатаң шектеу шаралары қолданылады.

«Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі 20 сәуірден бастап мына секторлардағы кәсіпорындардың жұмысын жалғастыруды ұсынды: 1) Өнеркәсіптік және индустриалдық кәсіпорындар 2) Құрылыс саласындағы кәсіпорындар 3) Қыстан кейін жолды жөндейтін асфальт, бетон зауыттары 4) Зейнетақы мен жәрдемақы беру үшін екінші деңгейдегі банктер 16:00-ге дейін қысқа мерзіммен 5) Жеке қосалқы қызмет көрсету секторының кейбір ұйымдары. Мысалы, химиялық тазалау және кір жуу орындары, шиномонтаж, арнайы техникаларды жөндеу, көлік жуу станциялары. 6) Қоғамдық тамақтану орнынан тамақ жеткізу мүмкіндігін кешкі сағат 22:00-ге дейін ұзарту ұсынылады. Осылайша барлық аталған кәсіпорындар бойынша 100 мыңға жуық адам жұмысын жалғастырады. Бұл Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істейтін халықтың 20%-ы»,- деді министр.