Аймақтар • 13 Сәуір, 2020

Солтүстік Қазақстан облысы: Өртке қауіпті кезеңдеміз

108 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазір Солтүстікте жер қуаң тартып барады, қар суы негізінен құрғаған, оның үстіне көктемнің қатты қара желдері соғады да тұрады. Облыстық ТЖ департаменті бастығының орынбасары, полковник Нұрлан Атығаев өзінің журналистерге берген берген брифингінде мұндай кезеңді «өртке қауіпті кезең» деп атайтындықтарын айтты.

Солтүстік Қазақстан облысы: Өртке қауіпті кезеңдеміз

Дәл осы кезеңде саяжайшылар төңіректерін тазалап, қоқыстарын өрттей бастайды, астық егетін шаруа да былтырдан қалған сабанды күйдіруге кіріседі. Ал секундына 20 метрлік, кейде одан да көп жылдамдықпен соғып тұрған өкпек жел отты аспанға бірден лаулатып, жақын маңдағы адамдардың өздері мен мүлкіне өрт қауіпсіздігін тудырады. Осы кезеңде 55 рет шөп күйдіруден өрт тұтанған. Өткен демалыс күндері ғана 10 рет өрт шыққан. Желдің жылдамдығы да осы күндері қатты артып, секундына 28 метрге жеткен. 

Н. Атығаев өрт сөндіруге қаладағы барлық бөлімдердің автомашиналары қатысқанын айтты. «Қазір өрт қаупін болдырмас үшін біз шаруалар мен саяжайшыларды қоқыс жақпауға, сабан күйдірмеуге шақырудамыз. Бірақ халықтың көбі біздің ескертулерімізге құлақ аспауда. Карантиннің болғанына қарамастан саяжайшылар қыстан қалған қоқыстарын жинап, үзіліссіз өрттеуде. Сабан өрттеушілерге қатысты біз 31 мобильді топ жасақтадық, қай жерде өрт болса, алдымен солар жетеді», деді полковник. Сонымен бірге ол өртке ұласқан от жағушыларға кемінде 500 АЕК көлемінде айыппұл салынатынын ескертті. Өткен демалыс күндері ғана сондай 10 адамға айыппұл салыныпты.

Сөзінің соңында полковник Н.Атығаев «өртке қауіпті кезең» мамыр айының аяғына дейін созылатынын жеткізді. Сонымен бірге ол тасқынның барысынан журналистерді хабардар етті. Сергеевка су қоймасындағы қауіпті кезеңі артта қалыпты. Ондағы су деңгейі 195 см-ге көтерілген еді, қазір 165 см түсті, деді ол. Мман су басу қаупі де қалыптағы жағдайда болатынын жеткізді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы