Аймақтар • 13 Сәуір, 2020

Солтүстік Қазақстан облысы: Карантинде қашпақ болғандар тұтылды

162 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылжар қаласы мен Бескөл селосының арасы 10 шақырым. Карантин талабы бойынша қазір қаладан шығуға болмайды. Тек транзиттік жүк машиналары мен азық-түлік таситындарға ғана рұқсат етілген. Бірақ соған қарамай Петропавлдың үш тұрғыны «Kia Spectra» автокөлігімен Бескөлге жол тартқан. Оларды полицейлер № 1 блок-бекетте тоқтатып, Бескөлге баруға болмайтынын айтады. Алайда жігіттер Бескөлдің ар жағындағы Бәйтерек ауылына достарының моншасына жуынуға бара жатқандарын айтады. Полицейлер карантин кезінде қалаға кіріп-шығуға болмайтынын түсіндіреді.

Солтүстік Қазақстан облысы: Карантинде қашпақ болғандар тұтылды

Өздерін жібермейтіндігіне көзі жеткен серілер кері бұрылса да Петропавл қаласы маңында трассадан түсіп, ауыл арасындағы қара жолмен шығып кетпек болған. Блок-бекетте кезекшілікте тұрған сақшылар оларды байқап қалып, карантиндік аумақтан шыққанға дейін тоқтатады.  Медициналық куәландыру жолаушылардың мас емес екенін көрсеткен.

«Енді барлық төрт жігітке қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабы «Төтенше жағдай режімін бұзу» бойынша материал жиналды», - дейді Қызылжар ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Әлихан Байқадамов. – «13 сәуір күні Қызылжар аудандық соты Бескөл ауылының 1988 жылы, Петропавл қаласының 1990 және 1991 жылдары туған тұрғындарын үш тәулікке қамаққа алу туралы шешім шығарды. Карантин кезіндегі сақтық шаралары азаматтардың денсаулықтары мен өмірлерін сақтап қалуға, сондай-ақ қауіпті инфекцияның таралып кетпеуіне бағытталғанын адамдар естерінен шығармаулары қажет», дейді полковник.

Сөйтіп, карантиннің талабын ескертуге қарамай орындамағандардың түрменің дәмін тататын болды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы