Тұрғындардың жауапкершілігін арттыру мақсатында көліктеріндегі арнайы белгіні қосып, тізіле көшелермен жүріп өткен медицина қызметкерлері «Егер бізде қалғыңыз келмесе, үйде отырыңыз» деген ұранды ұстанған.
Төтенше жағдай кезіндегі талаптардан жақсы хабардар қала тұрғындары медицина қызметкерлерінің дабылына түсіністікпен қарауда.
"Бұл елдің амандығы үшін жасалынып жатқан шара. Үйден шықпай, қауіпсіздікті қадағаласақ індетті ауыздықтайтынымыз сөзсіз. Сол себепті бүгін әріптестерімізбен бірге қала тұрғындарына түсіндіру шарасын өткізуді жөн көрдік", дейді Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы бас дәрігерінің методикалық ұйымдастыру ісі бойынша орынбасары Тахир Абдиев.
Облыс бойынша 200-ге жуық медициналық жедел жәрдем бригадасы қызмет көрседі. Әрбір шақыртуға дер кезінде жетіп, адам өміріне араша түсу ақ халатты абзал жандардың борышы. Кешкі флешмоб арқылы медицина қызметкерлері қауіпті індетке шалдықпау әрбір азаматтың тәртіпке бағынуына тікелей байланысты екенін тұрғындардың есіне салды.
Түркістан облысы