Руханият • 14 Сәуір, 2020

Рух салтанаты

497 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақтың қайта өрлеуіне баланып жүр­ген Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы ұлт болашағының ұстынын айқын­дап бергендей болды. Аз ғана уақытта ауқым­ды жұмыстар атқарылды. Жақсы істер жалғасуда.

Рух салтанаты

Санасы сілкінген кез келген халық болашаққа басқан нық қадамынан ешқашан кері шегінбейді. Қазақтың жадысы жаңғырған жылдар көшіне көз жүгіртсек, көшпелі өмірмен астасқан «Қон­ды­гердің жалғыз-ақ беттік тарихына» тылсымнан тіл бітіп, жасампаз ұлттың жаңа тарихын жаза­тын ақ парақтар алдыңнан айқара ашыла бастайды.

«Отар елдің тарихын отарлаушы ел жазады» деген сөз кеудесіне оқтай қадалар әрбір қазақ аңсаған азаттығына жеткенге дейін небір бұралаң жолдарда бұрмаланған, ешкім кіре алмайтын құпия мұрағаттарда шаң басқан қатпар-қатпар тарихын қайта-қайта ақтарумен болды.

«Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақтағы» деген Қадыр ақын жыр жолдарының астарында тағдырлы ұлттың басынан өткен талай зұлмат-запыран, қайғы-қасірет, мұң-наланың ауыр салмағы жатты.

Жұлмаланған жылнамаларымызды жадымызда қайта ояту оңайға түскен жоқ.

Дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашыл­ған ұлттың еңсесін тіктеп, егемен күнге жеткізуде атқарған істер қандай көп болса, сол тәуелсіздіктің биік тұғырын теңселтпеу одан да үлкен парыз екенін сезіндік.

Қазақтың рухани серпілісі ұлы мұраттарға бастады!

Сонау сексенінші жылдардың аяғында елі үшін ғазиз бастарын бәйгеге тіккен алаш арыстары ақталған уақыт рухани жаңғырудың алғашқы қарлығаштарындай азат ойларымыз бен еркін сөздерімізге жаңа кеңістіктер ашты.

Тар қапастарда тұншығып жатқан Мағжан­ның «Батыр Баяны», Жүсіпбектің «Ақбілегі» қазақ даласын шарлап кетті.

Арқасына аруақ қонған алаштың айбынды келбеті сол мезетте-ақ адамзат алдына алдаспан қылыштай жарқылдап шықты.

Аманат арқалаған арыстардың асқақ рухымен оянған ұлт әрі қарай да өткені мен өшкенін іздеуден іркілген жоқ.

Мыңжылдықтардан жоғалмай жеткен рухани мұра, төл мереке Наурызды қайта тойлады.

Тарих Тайқазанды Түркістан төріне әкелді!

Құнды жәдігерлермен бірге жаңғырған рух қазақтың құтын еселей түсті.

Ырыс молайды, несібе артты.

Тәуелсіздікке қолымыз жеткен күнмен бірге Ұлы дала төсіндегі көшпелі қазақ ұлысының қара шаңырағы қайта көтерілді.

Уығы шаншылды, керегесі кеңейді!

Ұлы кемеңгер, Абай хакімнің торқалы тойы­на сауын айтылды.

Күлтегін, Білге, Тоныкөк бабаларымыздың ұлы жорықтары баяндалған қаhарман дастандар Қараөткел қақпасынан кіріп, Алаш төріне озды!

Кеше мен бүгінді жалғаған өміршең мәтіндер тасқа басылды. Тарихқа тіл бітті.

Бабалар сөзі бағзыдан қоңыр үн қатты. Күй-құдірет қызыл арша ата домбыраның шанағынан төгілді.

Іргелі мемлекет, дегдар қоғам жаһан үдерісіне еркін қосылды. Өшкені жанып, өлгені тірілген өркениет өрге басты.

Алты алаш қазақ хандығының қазығы қағылған Қозыбасыда ұлы құрылтайға жиналды.

Қазақтың бабадан балаға мұра болған бай тілі жаңа сипат алды. Абай тілінің мәдениеті жаңа мыңжылдыққа күймелі көшін түзеді. Ана тіліміздің аясы кеңіп, ата тарихымыздың арнасы ұлғайды.

Болашақтың бағдары айқындалды. Ұлттың рухани жады жаңарды.

Білім салтанат құрды.

Қазақ баласы ұлы байтаққа байрақ тіккен көшпелі ұлыстардың салт-дәстүрлері мен мәдени өмірі, ауыз әдебиеті мен көне сарындарына қайта оралды.

Тамғалыдағы ежелгі кескіндерге жас қазақ қайта үңілді.

Беғазы-Дәндібайдағы тас балбалдарға данышпан тіл бітірді.

Қазақ жыры адамзаттың алты тіліне аударылды.

Ата қонысының арғы-бергі тарихына тағы бір зер салды.

Керіш-керіш қабырғаларын замана желі опырған көне қалаларды қайта оятты.

Берел қорымынан кісінеген жеті жирен пырақтың дауысы Ұлы даланы дүбірге бөледі!

Сақ ханзадасы Сенаға ат суарып тұрды!

 «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру».

Нағыз рухани жаңғыру – кешегіні ұлықтау мен келешекті ұмытпаудан тұрады.

Біз – сонау ұлы Даланың Тұрандай асқақ қа­сиетті төрінде ту көтерген көшпелі көк түрік­тер­дің текті ұрпағы екенімізді ұмытпауымыз керек.

Ұлттың жадында көне тарихтың көмбесі жаңғыра беруі тиіс.

Біз сол кезде ғана басқадан бәсіміз биік, басымыз азат болмақ.

Ілгері қадам елді ізгілік пен ірілікке тәрбиелейді.

Бізді әлі де сан салалы тағдыршешті тарихи жолдар күтеді.

Сол жолда салғырт емес, сергек болмағымыз керек.