Қоғам • 14 Сәуір, 2020

Президенттің кадрлық резерві: соны серпін

325 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жас­тар жылы, яғни 2019 жылы Президенттік жастар кадрлық резерві жасақталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынып, республикамыздың түкпір-түкпіріндегі жалынды жас­тар­дың басын біріктірген жоба мемлекеттік саясатта өз орнын тауып, талай жастың еңбек жолында іл­ге­­рі­леуіне жол ашты.

Президенттің кадрлық резерві: соны серпін

Қабілетті жастарды қолдауға, ба­ғыт беруге бағытталған бұл жоба­ға қатысуға бас-аяғы 13 мыңға жуық азамат өтініш білдірді. 330 қа­ты­су­шы топ жарып, финалда бақ сынасты. Резервке енгендердің орта жасы – 31.

Резервшілер тізіміне жеке сек­тор­дың 106 өкілі, квази­мем­ле­кет­тік сектордың 98 қызметкері және 96 мем­лекеттік қызметкер енгені бұған дейін де хабарланған еді. Бұдан елі­міз­дегі ілкімді жобаға мем­ле­кет­тік қызметшілерден бөлек, биз­нес­те де үлкен тәжірибесі бар кәсіп­кер­лердің қызығушылық таныт­қа­нын байқай аламыз.

Сонымен қатар конкурста Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларымен қа­тар Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыс­тарының жастары да ерекше белсенділік танытқан. Бұл мем­ле­­кет­тік қызметке басқа аймақ­та­ғы жастардың да таласы бары­ның көрінісі. Сондай-ақ шетел асып, білім қуған жас мамандар Әзербайжан, Ұлыбритания, Гер­мания, Ресей, Түркия және Фран­ция­дан өтініш білдірген.

Кадрлық резервтің мемлекеттік басқару саласына тың серпін бергені анық. Бұл туралы Президенттік жастар кадр резерві мүшесі, BTS Education компаниясының консультанты Олжас Сәкенов «Кадрлық резервке енген жастардың 30 пайызға жуығы жеке секторда, халықаралық компанияларда жұмыс істеген тә­жі­ри­белі мамандар. Алда-жалда мем­лекеттік қызметке келіп жатса, бұл олардың сол саладағы тә­жі­ри­бесі мен біліктілігін мем­ле­кет­тік бас­қару ісінде де қолданып, ерекше идеяларды іске асыратынын біл­діреді. Осылайша олар елі­міз­дің ертеңі үшін қызмет етіп, хал­қы­­мыздың болашағы жолында тер төк­пек.

Ал жастарға келсек, бағ­дар­ла­ма­ның оларға да пайдасы көп. Өйткені жо­ғарыда айтқанымдай, жеке идеяларымызды ұсынып, тәжіри­бе­міз­бен бөлісуге мүмкіндік, үлкен асу­лар­­ды бағындыруға жолдама алдық. Бұл бастаманы «әлеуметтік лифт» десек те болады», деді.

Мемлекет басшысы жастарға қарата: «Бүгінгі жас буынның би­лік­ке келетін уақыты алыс емес. Сіздер мемлекетті басқару тізгінін алу­ға дайын болып, тиісті білім мен білікті меңгерулеріңіз қажет. Жас­тарымыз ел дамуының жаңа тари­хи кезеңіне дайын болуы керек. Білім мен білік өршілдіктен биік тұруы тиіс. Жаңару үдерісі – ішкі саясаттағы басым бағыттардың бірі. Кадр резервін жасақтау жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайды, жалғаса береді. Оның қатарына ынталы және лайықты жастар кіреді. Алда­ғы кезеңде ХХІ ғасырдың та­бысты мемлекетін құруға дайын кәсіпкерлердің, ғалымдардың, мәде­ниет қайраткерлерінің, инно­ва­торлардың және басқа да талант­ты жастардың жаңа буынына белсенді қолдау көрсетеміз. Түрлі салаға жауапкершілікті алудан, қалыптан тыс және тиімді шешімдер қабыл­даудан қорықпайтын жаңа форма­ция­дағы басқарушылар тобы қа­жет», деп айтқанындай, жаңа фор­ма­циядағы басқарушылар тобы көп ұзамай қызметтеріне кірісті. Атап айтар болса, Сәкен Шаяхметов Павлодар облысы әкімінің орынба­са­ры, Дастан Рыспеков Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы, Сәбит Мұқанов Мемлекеттік қызмет істер агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әбілқайыр Тамабек Жамбыл облыстық Жер пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы – бас мемлекеттік инспектор қызметіне тағайындалды.

Ал Самат Рамазанов «Түркістан облысының жер қатынастары бас­қар­масы» ММ-нің басшысы қыз­метін атқаруда. Бұған қоса Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі кадрлық ре­зер­втегі 7 жасты жұмысқа қабыл­да­ды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ақпаратына сүйенсек, биыл резервтегілердің кем дегенде 40%-ы жұмысқа орналасады.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұл­пар шыққан, іріктелген жас маман­дар­дың бүгінде 36,5%-ы инфра­құ­рылым мен сервистік салаларды дамыту, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және қоршаған орта­ны қорғау саласында, 21,5%-ы эко­номикалық және қаржылық, 7%-ы сыртқы және ішкі саясат, 5%-ы әлеуметтік, 4%-ы құқықтық саясат саласында, сондай-ақ 12%-ы өңірлік және 14%-ы басқару топтарында қарастырылған қыз­мет­терді таңдаған. Яғни, білімі мен тәжірибесіне байланысты бағыт­тары ескерілген. Бұл тұрғыда ғы­лым мен білім саласы да назардан тыс қалмаған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Био­­медицина ғылыми-зерттеу орта­лы­­ғының директоры қызметіне та­ғайын­далған Әлібек Ыдырысұлы жоба «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» тұжырымдамасына не­гіз­­­деледі деген ойымен бө­ліс­ті. «Бұл құ­зы­реттіліктер резерв­ші­лер­дің ха­­лықпен етене жұмыс істеу, со­ны­­мен бірге еліміздің әлеу­мет­тік-экономикалық мәселелерді шешу қабілетіне сай жасалған. Бұл жобаның үлкен артықшылығы елі­міздегі кадр таңдаудағы ескі үр­діс­тен ада болуы. Мен Әл-Фа­ра­би атындағы ҚазҰУ жанынан құ­рылып жатқан қазіргі ғалам­дық ғылымның дамуындағы ең маңызды саланың бірі биомедицина саласын елімізде дамытуға ба­ғыт­талған Биомедицина ғылыми-зерт­теу орталығының директоры қызметіне тағайындалдым. 1997 жылы сол кездегі ел ағаларының еңбегімен «Ха­лықтың көші-қоны туралы» заңы қа­был­данып, шетелден қайтқан миллионнан астам қазақтың қатарында менің де аталарым бар еді. Бүгінде ел игілігіне қызмет етуге жолдама алып отырмын. Тәуелсіз Отаныма Абай атамыз айтқандай «бір кірпіш болып қалану» мен үшін үлкен жетістік», дейді Ә.Ыдырысұлы.

Президент Қасым-Жомарт То­қа­ев «Egemen Qazaqstan» газетіне бер­­ген сұхбатында «Жастардың ла­йық­ты білім алуына, алаңсыз жұмыс істе­уіне теңдей мүмкіндік берілуі қажет. Ауыл мен қаладағы жас азамат үшін де, лауазымды, ауқатты неме­се қарапайым шаруа отбасының ба­ласы үшін де әлеуметтік лифттің есігі кедергісіз ашық болуы керек. Ай­на­лып келген­де, әлеуметтік тең­дік дегеніміз – осы. Біз осыған қол жет­кізуге тиіс­піз. Мемлекеттік қыз­метке таға­йындау барысында ме­ри­ток­ра­тия принципін ұстанған жөн. Аза­маттарды тек біліміне, қабі­­ле­тіне қарай тағайындау талабы қағаз бетінде қалмай, іс жү­зінде орындалуы қажет», деп айт­қан еді. Республикамыздың әр ай­мағындағы жастарға ел саясатына араласуға жол ашып, тың идея­ларын мемлекеттік қызмет сала­сын жақ­сартуға қолдануға мүм­кін­дік берген Президенттің жастар кадр­лық резерві таңдалған 300 жас­пен қа­тар халықтың да жарқын бо­ла­шаққа сенімін арттырып, үміт отын жаққандай. Елдің ертеңгі тізгінін ұстау осындай жалынды жастардың қатарынан шығады емес пе!