«Карантин уақыты тым жай өтуде. Үнемі үйде болғандықтан шығар. Мүмкіндігінше жаттығу жасауға тырысамын. Негізінен, үйде боламын. Барлық қауіпсіздік шараларын қолданып жүрмін», дейді боксшы.
Левит Амманда өткен іріктеу турнирі туралы сөз қозғап, команданың дайындығы жоғары деңгейде болғанын мәлімдеді.
«Олимпиадаға іріктеу турнирі Қазақстан ерлер командасы үшін сәтті өтті. Үш жекпе-жек өткіздім. Бірінші кездесуде шаршы алаңды сезініп, бой үйреттім. Өйткені, турнир ақпан айында өтуі тиіс болатын. Біз сол мерзімге дайындалдық та, кейін коронавирусқа байланысты жарыс уақытын ауыстырды. Сол себепті, бірінші кездесу өте маңызды еді. Қандай жағдай болса да, бірінші жекпе-жекте жеңу керек. Екінші айналымда иорданиялық боксшымен кездестім. Бұл кездесу психологиялық тұрғыда қиын соқты. Өйткені, шаршы алаң қожайынына жанкүйерлердің қолдауы жеткілікті еді.
Финалда кездескен Жаңа Зеландия боксшысын қарымды қарсылас дер едім. Техникасы мықты, жекпе-жек те оңай болған жоқ. Жеңіске жетуіме себепкер болған барлық бапкерлерге, тұтас командаға рахмет. Мен бұрыштағы бапкерлер даусын тыңдап, олардың нұсқауын орындадым. Турнир уақыты ауыстырылса да, өзімді жақсы сезіндім. Бапкерлер жақсы жұмыс істеді. Психологиялық, физикалық тұрғыдан дайын едім», дейді Василий Левит.
Сондай-ақ ол Олимпия ойындарының келесі жылға ауысқанының тиімді тұсын атады.
«Мен бұл жаңалықты қалыпты қабылдадым. Өзі де солай болу керек еді. Қазір оптимистердің өз пікірі, пессимисттердің де өзіндік ойы бар. Бірақ менің пікірім оптимистерге келетін сияқты. Осы жылы қателіктеріммен жұмыс істеп, келесі жылғы Олимпиадаға 100 пайыз бабымда барамын».