«Жаман тұмау» ауылға да жетті
Бүгін Қарағанды облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы бір адам белгілі болды. Науқастың жасы 53-те, ол осы осы індетпен ауырған адамдармен байланыста болған екен.
Сәуірдің 14-ші күнінде облыста аталған дертке шалдыққандардың саны 78 адам болды.
Өкініштісі сол, «жаман тұмау» ауылға да жетті. Кешегі коронавирус жұқтырғандардың ішінде Шет ауданындағы тоғыз жолдың торабында орналасқан бір кентте тұратын ер адам да бар. Енді, «Коронавирус бізге келгенше қай заман» деп, бейғам жүрген ауылдың аңғал қазағына қиын болғалы тұр...
Бүгін екпеген ертең несін орады?
Коронавирус та кетер, жақсы күндер де жетер. Ал, шыны керек, бүгін астық екпесеңіз, күні ертең аш қалуыңыз әбден мүмкін.
Жалпы, төтенше жағдай көктемгі дала жұмыстарына кедергі келтірмеуі керек. Міне, осы мәселелерді жедел шешіп, науқандық жұмыстарды реттеу үшін Қарағанды облысында өңірлік штаб құрылды. Бұл туралы осы штабты басқаратын облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров хабарлады.
Биыл облыста астық өткен жылмен салыстырғанда 50 мың гектарға артық өсіріліп, оның жалпы көлемі 1,2 миллион гектар алқапты құрайтын болады. Мұның ішінде дәнді дақылдар алатын үлес – 900 мың гектар.
Қазіргі уақытта егіс алқабына шығатын 12 мың трактор, 193 егіс кешені, 6 мыңнан астам тұқым сепкіш техниканың 98% дайын екен.
Облыс әкімінің орынбасары фермерлерге 19 мың тонна арзандатылған жанар-жағар май жеткізілетінін мәлім етті. Аграрлық несие корпорациясы тарапынан көктемгі дала жұмыстарына жылдық 5%-бен 2,5 млрд теңге бөлініп, бүгінге дейін осы соманың 2,2 млрд теңгесі игеріліпті.
Карантин комқызметті арзандатты
Қарағанды облысында сәуір айының басынан бастап коммуналдық қызметтердің тарифтері 5%-ға төмендетілген. Сумен жабдықтау және су бұру, электр және жылу беру қызметтері арзандады. Ал айыппұл мен өсімақылар уақытша жойылған. Бұл туралы табиғи монополияларды реттеу жөніндегі департамент басшы Арман Өтегенов хабарлады.
Департамент басшысы тарифтің тұрғындар үшін ғана төмендетілгенін айтты. Ал заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдар қызметтерді бұрынғысынша төлейтін болады.
– Өңір азаматтары тарифті төмендету есебінен жалпы құны 160 млн теңге қаражатты үнемдей алады деген үміттеміз. Мысалы, 65 шаршы метр болатын бір пәтерде үнемдеу айына шамамен 600 теңгені құрайтын болады, – деді Арман Өтегенов.
Осының алдында Шахтинск тұрғындарынан электр энергиясы үшін төлемнің тым артып кеткені туралы шағым түскен болатын. Бұл жағдайға түсінік берген департамент басшысы төлемақының өсуін карантин кезінде адамдардың көп уақытын үйде өткізіп, электр құралдарын жиі пайдалануымен байланыстырды.
Қарағанды облысы