Аймақтар • 14 Сәуір, 2020

Ләззат Ахметталинова, бес баланың анасы: Жұмысқа да, үй шаруасына да үлгеріп жатырмын

689 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кейде қоңыраудың қызығына түсіп, ас ішуді де ұмытып кетемін.

Ләззат Ахметталинова, бес баланың анасы: Жұмысқа да, үй шаруасына да үлгеріп жатырмын

 Қазір елдегі ахуалға байланысты көптеген мекеме қызметкерлері үйде жұмыс істеп жатқаны белгілі. Үйдің аты үй, бала-шаға бар, алаңдайтын дүние көп дегендей, үйдегі жұмыстың бәрібір жұмыстағыдай жүйелі болмайтыны анық. Десе де, үйдің шаруасын да, жұмыстың тапсырмаларын да шашауын шығармай, бәріне үлгеруге тырысып жатқан жандар аз емес. Соның бірі - «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының Call-орталығының операторы, көп балалы ана Ләззат Ахметталинова.

л

Қазір бұл кісі тұрғындарға 1414 нөмірі бойынша үйде отырып кеңес береді. Жұмыс арасында балалардың тәрбиесіне де уақыт табады. «Минутына 3-4 қоңырау түседі. Барлық қоңырауға жауап беруге тырысамын. Кейде қоңыраудың қызығына түсіп, ас ішуді де ұмытып кетемін. Осындай қиын кезеңде халыққа пайдам тисе деймін. Тұрғындар да жетіскеннен қоңырау соқпайды. Өзің білгенді өзгемен бөліскенге не жетсін?! Ең бастысы, жұмыс барысында елдің алғысы мен ақ батасын аламыз» дейді Ләззат.

Ләззат Ахметталинованың Өскемен қаласындағы №3 халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істеп жатқанына 10 жыл болыпты. «Ләззат Семей қаласындағы Қазақ инновациялық гуманитарлық, заң университетін бітірген.  Фронт-офистегі білікті де тәжірибелі мамандардың бірі. Отбасында сүйікті жар, бес баланың анасы. Қазіргі жағдайға байланысты филиалда қашықтықтан қызмет көрсетуді ұйымдастырып жатқанда, ұжым Ләззатты қашықтықтан кеңес беретін Call-орталық жұмысына үйден қосылатын 70 оператордың қатарына қосты. Бүгінде отбасының ортасында, балапандарының жанында, үйде отырып халыққа қызмет көрсетіп отыр» дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының баспасөз хатшысы Мөлдір Заруеткызы. Оның айтуынша, бүгінде 608 мемлекеттік қызметті электрондық үкімет порталы арқылы алуға мүмкіндік бар. Смартфон арқылы 60 қызмет түрі қолжетімді. «Жұмыс орны үйде дегені болмаса, талап әдеттегідей. Таңғы сағат 9.00-де басталған жұмыс кешкі 18.30-ға дейін жалғасады. Күніне 150-200 қоңырауға жауап беремін. Кеңес алуға қоңырау шалатындар туу туралы куәлік алу, бала тууына байланысты жәрдемақылар, МАБ жазу, автокөлікке қатысты құжаттарды үйге жеткізу қызметі, онлайн ЭЦҚ алу, жеке куәлік алу, уақытша және тұрақты тіркеу, емханаға бекіту туралы, автокөлік құралдарын есептен шығару және қою, автокөлікке тыйым салуды тексеру, жүргізуші куәлігін қалай алу және ауыстыру туралы, сондай-ақ қайтыс болу туралы куәлікті қалай алу, жерлеуге арналған құжаттарды, техникалық паспорт, жер учаскесінің мемлекеттік актісі, ЖК қалай ашуға болады, тағы да басқа сұрақтарды жиі қояды» дейді Л.Ахметталинова.

Бүгінгі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалында 230 қызметкер колл-орталық арқылы жұмыс істейді, оның ішінде 70 оператор үйден кеңес береді.

ӨСКЕМЕН