Аймақтар • 14 Сәуір, 2020

Қызылорда: 5,8 млрд теңге несие төлемі кейінге қалдырылды

172 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекеттік бағдарламалар аясында берілген 5,8 млрд теңге несие төлемі кейінге қалдырылды. Бұл туралы облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қожахмет Ілиясов айтты.

Қызылорда: 5,8 млрд теңге несие төлемі кейінге қалдырылды

Қазір палатаның Сall-орталығына бизнес өкілдерінен түскен сауалдарға түсіндірме жасалып,  кейбір мәселелер қаржы ұйымдарына жолдануда.

– Облыстық кәсіпкерлер палатасы Мемлекет басшысының шағын және орта бизнеске берілген несиенің негізгі қарызы мен сыйақысын төлеу мерзімдерін кейінге қалдыру туралы тапсырмасына сәйкес екінші деңгейлі банктер және қаржы ұйымдарымен жүйелі жұмыстар жүргізуде. «Бизнестің жол картасы - 2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек» бағдарламалары аясында жеңілдетілген несие алған кәсіпкерлердің жалпы сомасы 5,8 млрд теңге болатын несие төлемі кейінге қалдырылды, – деді палата директорының орынбасары.

Кәсіпкерлер палатасының сенімгерлік басқаруындағы «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» да келіп түскен өтініштер бойынша жедел шаралар қабылдауда. Соның нәтижесінде бүгінгі күнге дейін Өңірлік орталықтан қаржы алған 99 жобаның 35,3 млн теңге төлемі кейінге қалдырылды.

Сондай-ақ, төтенше жағдай кезеңінде кәсіпкерлерге екінші деңгейлі банктер де жеңілдіктер жасау арқылы қолдау көрсетіп отыр. Бүгінгі күнге дейін банктер мен қаржы ұйымдарына бизнесмендерден түскен 1254 өтінімнің 818-і мақұлданып, өтініштері қанағаттандырылған.