02 Сәуір, 2010

ЖОЛДАУ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУ МЕТОДОЛОГИЯСЫ

878 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жуырда Мемлекет тарихы инсти­тутында Елбасының Қазақ­стан хал­қы­на Жолдауын наси­хат­тау мәсе­ле­леріне арналған “Пре­зиденттің Жол­дауы және қазіргі Қа­зақстанның та­ри­хын зерттеу методологиясы” деген та­қырыпта дөңгелек үстел өтті. Оған Мем­лекет тарихы институтының ди­ректоры, тарих ғылымдарының док­то­ры, профессор Бүркітбай Ая­ған мо­дераторлық етті. Дөңгелек үстелдің мақсаты – Тәуелсіз Қа­зақ­станның бә­секеге қабілеттілігін арттыру мен ел тәуелсіздігін нығайтуда Жолдау­дың ғы­лыми- теориялық әлеуетін іске қосу. Жиынға көрнекті ғалымдар, Білім және ғылым министр­лі­гінің өкілдері, Астана қаласы жо­ғары оқу орындарының оқыту­шы­лары, Астана қалалық мұға­лімдер біліктілігін жетілдіру инс­титутының әдіскерлері қатысты. Жиында Мемлекет тарихы институты директорының орын­басары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.Әбжанов “Президенттің Жолдауы және қазіргі Қазақстан тарихын зерттеу методологиясы” деген та­қы­рыпта баяндама жасады. Баян­дамашы Елбасы Жолдауы­ның қазіргі Қазақстан тарихын зерттеудегі танымдық методоло­гия­ның мәні мен мағынасына назар аударды. Елбасының “Ме­нің мақсатым еліміздің алдағы онжылдықтағы экономикалық өрлеуін қамтамасыз етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу” деген тұжырымды пікірін алға тартты. Жаһандану жағдай­ында Отандық тарихтың алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – объективті ғылыми-зерттеулер жүргізу қажеттілігі көпшілік назарына ұсынылды. Бяндамашы, сондай-ақ Жол­дауда адам факторына ерекше мән берілгендігін, елді жаңғырту стра­тегиясын іске асырудың табысты­лығы, ең алдымен, қа­зақ­стан­дықтардың біліміне, әлеу­меттік және дене болмысы мен көңіл-күйлеріне байланысты бо­латын­дығын, сондықтан Прези­дент ха­лық­аралық қауымдас­тық­қа кіру мә­селесін немесе биз­нес­тің жол кар­тасын жүзеге асыруда адам фак­то­рын басты орынға қойып отырған­дығын атап өтті. Ғалым әрі қарай Мемлекет басшысының Жолдауда ерекше атап өткен төрт қағидаттың үшеуі адам факторын алға қойып отырғандығына тоқталды. Баяндамашының атап өтуін­ше, Елбасының “Қазақстан – 2030” Стратегиясын орындай оты­рып, біз алғашқы онжыл­дық­қа бағдарлама жасап, оны тәмам­да­дық. Ендігі мақсат – Страте­гия­ның келесі онжылдығына қарай қадам жасау” деп қадап айтуы біздің қоғам өзгеріс үстін­дегі, қозғалыс үстіндегі динами­калық қоғам екендігін көрсетіп отыр. Жолдауда нақты деректер­ге, тарихи шынайылыққа, мето­дологиялық жүйелілікке, теория мен тәжірибе арасындағы байла­ныстың қадағаланып отыратын­дығына баса назар аударылған. Жиында Мемлекет тарихы институтының жас ғалымдары, тарих ғылымдарының кандидат­тары – Теңгеш Қаленова, Құ­ралай Сәрсембина, Дархан Бай­тілеу, Марал Томанова, Бауыр­жан Сегізбаевтың баяндамалары талқыланып, жастар арасында қазақстандық патриотизмді ны­ғайту мен қазіргі тарихи сананы қа­лыптастырудағы негізгі міндет­тер жөнінде пікір алмасылды. Айтбала ӘБЕНОВА, Мемлекет тарихы институты  ақпараттық-баспа бөлімінің ғылыми қызметкері.