08 Қыркүйек, 2013

Жақын көрші алыс туыстан артық

413 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Назарбаев Университетінде болды. Мемлекет басшылары университеттің қызметімен танысып, студенттермен кездесті. Си Цзиньпин олардың алдында Қытайдың Орталық Азиядағы сыртқы саяси басымдықтары және Қазақстанмен арадағы екіжақты ынтымақтастық тақырыбында дәріс оқыды.

05

 

Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Назарбаев Университетінде болды. Мемлекет басшылары университеттің қызметімен танысып, студенттермен кездесті. Си Цзиньпин олардың алдында Қытайдың Орталық Азиядағы сыртқы саяси басымдықтары және Қазақстанмен арадағы екіжақты ынтымақтастық тақырыбында дәріс оқыды.

05

06-1

Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміз Қытайдың Қазақстанмен және өңірдегі өзге елдермен қарым-қатынасын нығайтуға ұмтылысын қолдайтынын атап өтті.

– Біз Санкт-Петербургте өткен G20 саммитінен енді ғана оралдық. Онда екі күн бойы дағдарыс кезіндегі және дағдарыстан кейінгі кезеңдегі әлемнің қаржы-экономикалық архитектурасының проблемалары қызу талқыланды. Тәуелсіз Қазақстан мен ҚХР қарым-қатынасының жаңа тарихы өте тәнті етеді. 1700-ден астам шақырымға созылатын біздің ортақ шекарамыз достық пен өзара іс-қимылдың шекарасы болып саналады, – деді Қазақстан басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің экономикалық ынтымақтастығы айтарлықтай алға жылжып, бүгінде тауар айналымы 26 млрд. долларға жеткеніне тоқталды. Осыған байланысты мемлекет басшылары оны 40 млрд. долларға жеткізу міндетін алға қойып отыр.

– Бүгін және ертең біз келіссөздер жүргіземіз. Елдеріміздің сарапшылары елеулі жұмыс атқарды. Біз ынтымақтастығымызды жаңа сатыға көтеретін 20-дан астам жаңа құжатқа қол қоятын боламыз. Бұған Қытай Халық Республикасының Қазақстанды барлық бағыттар бойынша қолдауының арқа­сын­да қол жеткізіп отырмыз. Мен Сізге екіжақты қарым-қаты­нас­тарды дамытуға деген ниетіңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Қазақстан ҚХР-ды тату көрші ретінде таниды және ынты­мақ­тастық орнатуға дайын, біздің стратегиялық серіктестік туралы келісіміміз бар, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Қазақстан басшысы Си Цзиньпинге екі елдің студенттер алмасуын қамтамасыз етуге ниет білдіргені үшін алғысын айт­ты.

– Жастар бірін-бірі біліп, қарым-қатынастарымыз одан әрі нығая беру үшін Қазақстан да Қытайдан студенттер қабылдауға әзір. Қазақстан ұзақ мерзімді ын­ты­мақтастыққа дайын. Қазақ­стан ҚХР-ға жақсы көрші, се­нім­ді дос және экономикалық серіктес болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Университет студенттері ал­дын­дағы дәрісі барысында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін өзінің экономикалық және сая­си дамуында едәуір ілгері кеткенін және бұл қадамы халықтың тұрмыс деңгейін айтарлықтай жақсартып, халықаралық беделінің артуына жол ашқанын атап өтті.

– Небәрі 10 жылда заманауи қала болған Астана Қазақстан жерінің тағы бір ғажайыбына айналды. Астана – еңбексүйгіштіктің, Қазақстан халқының өсіп-өркендеуі мен жарқын болашағының символы. Қытайдың Хань әулетінің елшісі 2 мың жылдан астам уақыт бұрын бейбітшілік пен достық миссиясымен қазақ жеріне екі рет келіпті. Сол сапарлар Қытайдың Орталық Азиямен достық қаты­нас­тарының кеңеюіне ықпал етіп, Жібек жолының шығыстан ба­тысқа, Азиядан Еуропаға барар бағыттарын ашты. Ежелгі Жібек жолы өзінің бастауын менің туған провинциям саналатын Шэньсиден алады, – деді Си Цзинь­пин.

ҚХР Төрағасы ежелгі Жібек жолы­ның бойында жатқан қа­зақ жері шығыс және батыс өрке­ние­тінің ықпалдастығына зор үлес қосып, түрлі ұлттар мен мә­дениеттер арасындағы байланыстардың дамуына септігін тигізгенін айтты.

– Мәңгілік достық пен екі мың жылдан астам өзара қаты­нас­­тардың жылнамасы түрлі ұлт­­тары, мәдениеттері, діндері бар елдер өзара сенім мен түсі­ніс­тік, теңқұқықтық әрі өзара тиім­­ділік рухын басшылыққа алатын болса, бірлескен дамуға ұмтылып, бейбітшілік пен келісім жағдайында тіршілік ете алатынын көрсетті. Осының бә рі де Ұлы Жібек жолының тағылымы. Бүгін біздің өзара ынтымақтастығымыз жаңа тарихи биікке көтерілді. «Жақын көрші алыс туыстан артық» дейді ғой. Біз Орталық Азия елдерімен өзара қарым-қаты­нас­тарымызға зор маңыз береміз және бұл біздің сыртқы саясатымыздың басымдығы бар бағытының бірі, – деді Си Цзиньпин.

ҚХР Төрағасы Қытайдың көр­ші елдермен өзара достық пен ынты­мақтастықты нығайтуға барлық халықтардың игілігі үшін ұмтылып отырғандығына да тоқталды.

– Біз өзге дербес елдердің ха­лықтарына, олардың даму жолдары мен жүргізіп отырған ішкі-сыртқы саясатына үлкен құрметпен қараймыз және қандай жағдай болса да, ішкі істеріне араласпаймыз. Қытай тарапы өңірлік істерде билеп-төстеушілікті көздемейді, ықпал ету аймағын іздемейді. Біз бүкіл өңірдің одан әрі үйлесімді дамуы үшін Ресей және Орталық Азия елдерімен бірлесе күш-жігер жұмсауға дайынбыз. Мемлекеттік егемендікке, аумақтық тұтас­тық­қа, ұлттық қауіпсіздік пен тұрақ­тылыққа қатысты аса маңызды мәселелер бойынша өзара нық қол­дау Қытайдың Орталық Азия елдерімен стратегиялық серік­тестігінің негізгі өзегі болып табылады, – деп атап өтті Си Цзиньпин.

ҚХР Төрағасы ынтымақ­тас­тықтың жаңа модельдерін қолдану, төмендегідей нақты бағыттардан бастай отырып, бірлесе күш-жі­гер жұмсау арқылы Ұлы Жібек жо­лының «экономикалық белдеуін» қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

– Бірінші – экономикалық ин­те­гра­ция шаралары мен бағ­дар­ламаларын әзірлеу үшін эко­но­микалық даму стратегиясының түрлі мәселелері жөнінде ұдайы пікір алмасып отыру. Екінші – Тынық мұхиттан Балтық теңі­зіне дейін біртұтас көлік инфра­құрылымын түзу. Үшінші – кедергілерді жоя отырып, жеткізу жылдамдығын арттыру арқылы сауда байланысын күшейту. Төртінші – валюта ағынын күшей­ту. Бүгінде біз ұлттық валюталар мен жинақтар есебі бойынша табысты жұмыс жүргізіп келе­міз. Мұндай тәжірибе ақша шығы­нын азайтып, қаржы жүйесін қа­терден қорғайды, сондай-ақ эконо­миканың халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бесінші, халықтар арасындағы байланыс­тарды одан әрі күшейту, – деді Си Цзиньпин.

Сөзінің қорытындысында ҚХР Төрағасы елдеріміздің біздерді біріктіретін және өзара тиімді ынтымақтастықтың даму перспективаларына жол ашатын қарым-қатынасының екі мың жылдан астам тарихы мен кең ауқымдағы мүддесі бар тағдыры ортақ тату көршілер екенін атап өтті.

Соңында Қазақстан Президенті Си Цзиньпинге Назарбаев Универ­ситетінің құрметті профессоры атағының берілуіне байланысты профессор мантиясын тапсырды.

Си Цзиньпин университетке шақырғаны үшін алғысын айтып, Құрметті қонақтар кітабына өз қолтаңбасын қалдырды.

Университеттегі кездесуден кейін Си Цзиньпин елордадағы бірегей нысан – «Астана-опера» театрын аралап көрді.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».