Спорт • 14 Сәуір, 2020

Футбол: Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасына қатыса алмауы мүмкін

1063 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) вице-президенті Виктор Монтальяни биыл футболдан ұлттық құрамалар коронавирус пандемиясына байланысты матч өткізе алмауы мүмкін екенін айтты.

Футбол: Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасына қатыса алмауы мүмкін

«Меніңше, биыл матчтарды жалғастыру қиынға соғатын сияқты. Қазір әлем денсаулығы мен оған дайындық дәрежесінің әртүрлі болуына байланысты халықаралық сапарларға қашан оралатынымыз белгісіз. Қыркүйек айында матч өткіземіз деген жоспар бар, бірақ бұған сенімді емеспіз.

Сонымен қатар алғашқы матчтарды жанкүйерлерсіз өткізуді де көздеп отырмыз. Бірақ бұл өте тәуекелді қадам болмақ. Бәлкім басқа салалар сияқты футболға да кезең-кезеңімен келетін шығармыз. Десе де 2021 жылдың наурыз айына дейін бәрі қалыпқа келеді деген ойдамыз. Біз қазір ең бастысы ұлттық біріншіліктерді жалғастыруды ойластыруымыз керек. Ал ұлттық құрамалардың ойындарын кейін қарастыра береміз», дейді ол.

Бұған дейін ФИФА-ның жұмыс тобы коронавирусқа байланысты ұлттық құрамалардың ойындарын маусымға дейін шегерді. Сондай-ақ Еуропа чемпионаты мен Америка кубогын келесі жылға ауыстырған болатын.

Егер биыл ұлттық құрамалар матч өткізбейтін болса Қазақстан құрамасы күзде басталатын Ұлттар лигасы додасына қатыса алмайды. Сонымен қатар ұлттық құрама осымен тарихта үшінші рет жыл бойы матч өткізбеуі мүмкін. Еліміздің басты құрамасы ең алғаш 1993 жылы ФИФА құрамына енбеген соң матч өткізе алмаған-ды. Ал Қазақстан ФИФА-ға 1994 жылы мүше болды. Және де 1999 жылы да Қазақстан құрамасы жасыл алаңда өнер көрсетпеген.