Аймақтар • 14 Сәуір, 2020

Түркістан: Кәсіпкер ауруханаға жасанды тыныс алу аппараттарын тарту етті

59 рет көрсетілді

Мақтаарал ауданындағы «Астана Құрылыс-Жоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Данияр Аташов аудандық «Мырзакент» ауруханасына жедел медициналық қызмет көрсетуге арналған 2 жасанды тыныс алу аппаратын алып берді.

Бұл медициналық аппараттар коронавирус індетіне шалдыққан науқас балаларды емдеуде ең маңызды құралдардың бірі. Аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков пен аудандық «Мырзакент» ауруханасының бас дәрігері Берік Есімханов құрал-жабдықтарды ауруханаға жеткізіп берген кәсіпкердің ұлына алғыстарын білдірді. «Коронавирус инфекциясы асқынған жағдайда адамның өкпесіндегі тыныс алу жолдарын зақымдайды. Науқасқа оттегі жетіспей қиналады. Міне, осындай жағдайда тыныс алу аппаратының маңызы зор. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жасанды тыныс алу аппараттарының жетіспеушілігінен көптеген елдерде коронавирус індетінен қайтыс болушылардың саны артуда»,  деді «Мырзакент» ауруханасының бас дәрігері Берік Нағашбекұлы.

Бүгінгі таңда Мақтаарал ауданында коронавирусқа шалдыққан 4 науқас тіркелген. Ауруханалар мен овсервациялық орталықта 56 адам карантинге алынған. Сондай-ақ 120 адам үй карантинінде.

 

Түркістан облысы

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар