Аймақтар • 14 Сәуір, 2020

Солтүстік Қазақстанда тасқын қаупі сейілді

187 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы қардың көптігіне қарағанда солтүстікте тасқын суы қатты болар деген әбігер көп болған еді. Бірақ әйтеуір, тым болмаса осы тараптағы қысым біршама төмен.

Солтүстік Қазақстанда тасқын қаупі сейілді

Дегенмен, ТЖ департаментінің қызметкерлері әрқашанда қырағы қалпында. Олардың соңғы мәліметтеріне қарағанда өңірдің оңтүстік-батыс аумақтарындағы жағдай біршама күрделі. Шарық, Жембарақ өзендерінің сулары Чистополье мен Рузаевка ауылдарының шеткі үйлеріне жетіп қалған.  Бірақ уақытыннда жеткізілген инженерлік техникалардың күшімен судың бағыты өзгертіліп, ағыс жолдары тазаланып, апаттың алды алынды.

Тәулік бойы үзіліссіз жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Тимирязев ауданындағы ауылдарды да су басу қаупі жоғалды. Мұнда мотопомпалардың күшімен қар сулары жайылып, қатері төмендетілді. Бұл бағыттағы құтқару жұмыстарына ТЖ департаментінің 53 қызметкері және жергілікті билік органдарының 50 маманы қатыстырылды. Қазір Айыртау мен Ғ.Мүсірепов аудандарындағы шағын өзендер суларының да көтерілуі деңгейі төмендеді. Енді барлық назар Сергеев су қоймасына ауған.

Қарғын суы басталғаннан бері облыс аумағындағы республикалық, жергілікті маңызы бар 40 жолды су шайған еді. Қазір соның 36 қалпына келтірілді. Облыстың барлық гидротехникалық құрылыстары қалыпты жағдайда жұмыс істеуде. Осыдан екі күн бұрын облыстық ТЖ бастығының орынбасары Н.Атығаев Сергеев су қоймасындағы су деңгейінің көтерілуі 165 см деген еді, соңғы ақпарат оның тағы бес см-ге төмендегенін жеткізді. Бұл қоймадағы судың ең жоғары көтерілген рекорды 2017 жылы болған. Онда су 332 см-ге көтерілген. Ал биыл ең көбі 195 см-ға көтерілді.

Алайда Есілдің Қызылжар қаласының түбіндегі қаупі әлі де зор. Соның кесірінен қала маңындағы Заречный кентіндегі үйлер мен Мичурино және Прибрежное ауылына баратын жолдар шайылуы мүмкін.

Солтүстік Қазақстан облысы