Аймақтар • 14 Сәуір, 2020

Алыстан келгендер алаңдатып тастады

807 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы 10 күн бойы Солтүстікте індетке ұшырағандар саны артпай, тұрақты болып тұрған еді. Бірақ кеше Ақжар ауданына ауылшаруашылық мәселелерімен Ақмола облысынан келген бір азаматтың бойынан да індет шығып, облыс халқы алаңдап қалды.

Алыстан келгендер алаңдатып тастады

Ауа-райының күрт жылып кетуіне орай Қызылжар халқы да жағаны жайлауға салып, көшелерде көріне бастаған еді. Соның кесірінен соңғы екі күнде ғана өңірде 151 адам карантин режімін бұзғаны үшін ұсталған. Соның ішінде 120 адам тек Петропавл қаласынан болған. Енді жаңа індеттің тағы бас көтергені халықты ойлантып тастады. Осының үстіне кешеден бері Солтүстік халқын тағы бір жаңалық қатты толқытып тұр. Бүгін Лондоннан Петропавлдың халықаралық әуежайына жүз шақты жолаушысы бар ұшақ келіп қонды. Бұлар сол елде қалған Қазақстан азаматтары екен.

Облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішевтің айтуына қарағанда жолаушылар тегіс санитарлық-эпедемиялық қауіпсіздік шараларымен қамтылып, ешкіммен араластырылмай, бірден Петропавл қаласының қонақүйіне жеткізіледі. Мұндай олар және экипаж мүшелері екі күн бойы қатаң бақылауға алынып, бойларында індеттің бар-жоғы тексеріледі. Сонымен бірге айналаға күзет қойылып, қонақүйге ешкімді жақындатпайды. Жолаушылар тегіс ақы-пұлсыз тамақтандырылады. Егер бойларынан індеттің ізі білінбесе тұрақты мекендеріне жіберіледі.

Р.Әлішев атамағанымен бүгін қалың көпшілікке жолаушылардың қандай қонақүйге түсетіні белгілі болды. Ол Қызылжардың қақ ортасындағы, жаяу халық барынша көп жүретін саябақтың алдында орналасқан «Қызылжар» қонақүйі екен. Карантин десек те жұмысқа баратын халық оның алдынан көп өтеді. Сондықтан тұрғындар Лондоннан келген қонақтардың бұл қонақүйге орналастырылғанына наразы екендіктерін әлеуметтік желілерде жарыса жазып жатыр...

 

Солтүстік Қазақстан облысы