Инфекциялық бөлімшенің медициналық қызметкерлері жанкештілікпен әрекет етіп жүр. Соның нәтижесінде өлім-жітім жоқ, жуырда бір жас әйел емделіп, ауруханадан шықты. Бас дәрігер Ботагөз Сүлейменова: «Әріптестеріміз өз міндеттерін адал атқаруда. Дәрігерлер Ғалия Сыздықова, Айнагүл Қасыбаева, Әубәкір Омарәлиев, медбикелер Штоль, Широченко, Побережник, Сергеева, бәрі де өз істеріне берілген, адал қызмет етіп жүрген жандар. Ал бөлімшенің санитар-тазалықшылары Айтмағамбетова, Қадырова, Рожкова, Баженова, Луценколар да тек жоғары бағаға лайықты», деді.
Қазір бөлімшеде 24 науқас бар. Дерттің беті қатты болса, дереу өкпені жасанды жолмен желдететін аппаратқа жатқызылады. Ал емдеу барысы республикалық мамандардың анықтаған әдістерімен жүргізілуде. Қажетті дәрі-дәрмектер жеткілікті. Науқасқа ауруханаға түскеннен 14 тәуліктен кейін сараптама жасалады. Егер инфекция жоғы анықталса, дереу үсті-басы толықтай дезинфекцияланып, үйіне арнаулы көлікпен жеткізіледі. Ал дәрігерлер, медбикелер және тазалықшылар үйлеріне жіберілмейді. Бір күндік ауысымын атқарған соң олардың үсті-басы тегіс дезинфекцияланып, арнаулы көлікпен, ешқайда шығармай «Алтын орда» қонақүйіндегі жеке нөмірлерге жеткізіледі. Келесі ауысым басталғанша олар қонақүйде болады. Үй-іші, бала-шағасымен тек телефон арқылы сөйлесе алады. Ботагөз Сүлейменованың айтуына қарағанда, мұндағы жағдай өте жақсы көрінеді. Сонымен бірге ол дәрігерлерді қолдап, бір реттік костюмдер әперген Алла Писаренко басқаратын «Іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық ұйымы мен дәмді тағамдар жеткізіп отырған Сайран Хамзин басқаратын «Рестораторлар қауымдастығы» қоғамдық ұйымына да алғыс айтты.
Қазір инфекциялық бөлімшенің медициналық қызметкерлері наурыз айының қосымша ақысын да толық алды. Бұл да ақ желеңді жандардың еңбегін ынталандыра түсуге зор ықпал етіп отыр.
ПЕТРОПАВЛ