Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та сын сағатта ұлтқа Үндеуін жолдап, отандастарымызды жасампаз идеяларымен рухтандырды. Елбасының тікелей бастамасымен арнайы қор құрылып, коронавирустан жапа шеккендерге, әсіресе дәрігерлерге, тұрмысы төмен отбасыларына көмектесу үшін қаржы жинала бастады. Еліміздің ірі кәсіпкерлері халықты қолдау шараларына көптеп атсалысты.
Қазірше Төтенше жағдайға жауапты мемлекеттік құрылымдарға мін тағып, сын айта алмаймыз. Шешімдер уақтылы, атқарылған шаралар нақты. «Тас түскен жеріне ауыр» дегендейін осынау алапат сынның алғы шебінде жүрген Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары мен қатардағы дәрігер, медбикелердің еңбегіне еліміз дән риза. Күні кеше ғана «АҚШ-тың Ауруды бақылау және таратпау орталығының (CDC) Орталық Азия бойынша офисінің директоры Д.Сингер елімізде коронавирусқа қарсы әрекетке, Денсаулық сақтау министрлігі мен ведомство басшысы Елжан Біртановтың жұмысына жоғары баға берді» деген хабарды ел газеті «Egemen Qazaqstan»-ның бетінен оқып, қуанып қалдық. «Қазіргі таңда Қазақстанда вирустың тарап келе жатқанына куә болып отырмыз. Әйтсе де, оның қарқыны баяу. Көпшіліктің жиналуына, сыртқа шығуға тыйым салу оң нәтиже көрсетіп отыр. Дәл қазір вирустың таралуы баяу деп айта аламын» деген екен Д.Сингер мырза. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Беделді халықаралық ұйымдардың еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне, маңдайалды мамандарымызға мұндай баға беруі көңілге медет беріп, жүрекке үміт ұялатады. USAID-тің Орталық Азиядағы денсаулық сақтау және білім офисінің директоры Джошуа Карнс мырза да Қазақстан дәрігерлерінің кәсіби дайындығын жоғары бағалаған екен.
«Ауыл» партиясының белсенділері де алғашқылардың бірі болып әлеуметтік желілер арқылы «Ақ қанатты періштедей ақ халатты абзал жандар» атты жыр челенджін жариялап, еліміздің от ауызды, орақ тілді ақындары дәрігерлер қауымының көңіліне медет болар өлең-жырларын арнады. Әп-сәтте әлеуметтік желіде тараған ақындардың жырларын сазгерлер іліп әкетіп, кейбір өлең өрнектері әнге айналды.
Мемлекет басшысының қаулысымен құрылған Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия да мойнына жүктелген міндеттерді мүлтіксіз атқаруда. Жедел қабылданған шешімдердің шұғыл әрі уақтылы орындалуының нәтижесінде індеттің алғашқы қарқыны қайтарылды. Алапат індеттің алғашқы соққысына төтеп берген мемлекетіміздің басқару тетіктері берік, құрылымдық жүйесі орнықты екендігіне көз жеткізіп, елдігіміздің іргетасының мықтылығын да сенімділікпен сезіне білдік.
Ел Президенті Төтенше жағдай жарияланғаннан кейін үш мәрте мәлімдеме жасады. Бұл мәлімдемелер індет салдарынан күн өткен сайын өзгеріп жатқан елдегі әлеуметтік және экономикалық мәселелерді нақты шешуге бағытталды. Мемлекет басшысы мен Үкімет бүгінгі ел экономикасының мүмкіндіктерін саралап, қалыптасқан жағдайды шынайы бағалап, нақты әлеуметтік, экономикалық нәтижеге негізделген қадамдарды ұсынды. Мәселен, медицина саласы мамандарын әлеуметтік қолдау және оларға қосымша өтемақы тағайындау туралы қабылданған шешімді ел тұрғындары өте маңызды қадам деп қабылдады. Президенттің тапсырмасына орай өзін-өзі жұмыспен қамтыған және ресми жұмысы жоқ болса да, табыс көзі бар азаматтар санаты да бір айлық төменгі жалақы мөлшеріндегі әлеуметтік төлемақымен (42 500 тг ) қамтылатын болды. Яғни еліміз бойынша жалпы саны
3 млн-ға жуық азамат аталған төлемақымен қамтылмақ. Бұдан бөлек зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылардың он пайызға өсірілуі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелмеген азаматтарға 1 шілдеге дейін аталған жүйе аясында қызмет көрсету, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен балалар, көп балалы отбасыларға тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлік түрлерін тегін беру, ірі қалалардың төңірегіндегі жастарды жұмыспен қамту үшін көтерме төлемақы тағайындау сияқты бастамалар – қоғамның әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарын қолдау бойынша өте қажетті және нақты шешімдер.
Орта және шағын бизнесті қолдауға бағытталған салықтық жеңілдіктер – қазіргідей қиын кезеңде аса қажетті қадам. Ауыл шаруашылығы саласында көктемгі егіс жұмыстарына қосымша қомақты қаражат бөлініп, жанар-жағармай бағасына жасалатын жеңілдіктер де дағдарып қалған диқандар қауымына сенім мен қажыр-қайрат сыйлары анық. Бұл мақсатқа қосымша 100 миллиард теңге қаржы бөлініп, 6% мөлшерлемемен несие берілмек. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қарастырылған
300 млрд теңгелік қаражат та дағдарыс кезінде экономиканың тамырына қан жүгіртеді деген үміт бар. Көктемгі егіс жұмыстары шұғыл шаралар мен шапшаң әрекетті керек етеді. Өкінішке қарай кей жағдайда жоғарыда қабылданған пәрменді шешімдердің жекелеген ведомстволар мен аймақтарда жүзеге асырылуы көңіл көншітпей тұр. Күні кеше ғана аймақтардағы диқандардың жанайқайы менің партия төрағасы және Сенат депутаты ретінде Үкіметке депутаттық сауал жолдауыма себеп болды.
Көктемгі дала жұмыстарына қаралған 170 млрд теңге қаржының басым бөлігі Аграрлық несие корпорациясы арқылы несие серіктестіктеріне, екінші деңгейлі банктерге бөлінеді. Бұл өз кезегінде ірі тауар өндірушілерге басымдық беріп, ұсақ шаруашылықтарды қаржылық қолдаудан шет қалдырады деген сөз. Мысалы, осы уақытқа дейін таратылған 51 млрд теңге несиені тек 1822 ауыл кәсіпорыны пайдаланған. Бұл барлық қожалықтың 1%-ы ғана. Екінші деңгейлі банктер арқылы 77 тауар өндіруші орта есеппен
288 млн теңгеден қаржыландырылып, барлық несие көлемінің 41%-ын пайдаланған. Ал шағын қожалықтарға 3%-ы ғана бұйырған. Шаруалар үшін несие беруде әлі күнге дейін банк талаптары жоғары. Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің 70%-ның қаржылық жағдайы нашар. Жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер мен минералды тыңайтқыштар бағасының шарықтап өсуі көп қожалықты, әсіресе шағын шаруашылықтарды тұралатып, қаржы дағдарысына ұшыратты. Бұған дейін көктемгі дала жұмыстарының 80%-ын шаруалар өз қаржысымен атқарып келген. Биыл ол 50%-ға жетпеуі де мүмкін. Оның үстіне, мемлекеттік субсидиялар кешіктірілуде. Егіс егуге қарастырылған субсидиялардың біраз бөлігін жергілікті әкімдіктердің кепілдігі бойынша алдын ала төлеудің жолдарын қарастыру да өте маңызды. Аграрлық секторда ұсақ шаруашылықтарды қаржыландыру мақсатында ауыл шаруашылығын қолдау қорын, оның жергілікті филиалдарын осы жұмыстарға тарту, микронесиелер көлемін 2-3 есеге арттыру қажет. Көктемгі дала жұмыстарын ерте бастаған оңтүстік өңірлерде алғашқы өнім де жинала бастады.
Қазіргі таңда тек Түркістан облысының өзінде 300 мың тонна қырыққабат, 70 мың тоннадан астам қияр мен қызанақ пісіп, дайын тұр. Қызылорда, Жамбыл, Алматы облыстарындағы жылыжайлар мен дала еңбеккерлерінің өнімдері тағы бар. Өкінішке қарай бұрын өз өнімдерін облыс орталықтарына, ірі мегаполистерге, тіпті Ресей қалаларына шығарып жүрген шаруалар төтенше жағдайға байланысты қойылған блок-бекеттерден өте алмай, көп қиындық көруде екен. Осы бір қиын-қыстау уақытта тиісті мемлекеттік органдар тарапынан жедел шаралар қабылданатынына кәміл сенеміз.
Елді етпен де, сүтпен де, нанмен де қамтамасыз етіп отырған – ауылдың берекелі тірлігі. Қазақстанның ауылшаруашылық өндіріс кешенін дамытуға әлеуеті аса жоғары. Ауыл шаруашылығы саласында сан жылдар бойы сапалы реформалар жасалды десек те, жүйеге енгізілген жаңашылдықтар аяғына дейін жеткізілмеген. Мемлекеттік бағдарламалардың біреуі аяқталмай жатып, Үкімет ауысқан сайын басқа бір бағдарлама қабылданған кездер де болды. Бұл саладағы мемлекеттік саясаттың тұрақсыздығын туғызды. Сондықтан да ауыл шаруашылығын дамытудың бірыңғай ұлттық стратегиясын қабылдайтын кез келген сыңайлы. Кемінде он, он бес жылдық дамуды мақсат ететін стратегиялық құжат ең бастысы инвесторлар үшін ауыл шаруашылығы саласындағы саясаттың тұрақтылығының кепіліндей болар еді.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мәселесін тиісінше жолға қоя алмай келе жатқанымыз ақиқат. Бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін фактор.
Кейбір импорттық тауарлардың тапшылығы отандық өнімге бәсекелестік тұрғыдан басымдық туғызады. Тек бұл жағдайды отандық тауар өндірушілер оңтайлы пайдаланып, жедел әрекет жасап, шапшаң іске көшуі тиіс. Жеңіл өнеркәсібі мен өңдеу саласы жақсы дамыған елдердің ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі өте жоғары екенін байқаймыз. Мәселен, бауырлас Түркия елінде 2019 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемі 23,3 миллиард долларды құраған екен. Салыстырар болсақ, аталған кезеңде біздің еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемі 3,3 млрд доллардың жобасында. Жер көлемі жағынан Қазақстаннан 3,2 есе кіші Түркияның ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті біздің елден басым емес екені айдан анық. Мәселе саладағы мемлекеттік саясатта. Біріншіден, ол елде ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушыларға көптеген жеңілдік, түрлі сақтандыру тетіктері қарастырылып, бюрократиялық бөгеттер алынып тасталған. Диқандарына өнімді егіс алаңынан делдалсыз тікелей экспортқа жіберетін мүмкіндіктер жасалған. Ал біздің елде ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау бағытында атқарылар шаруалар әлі жетерлік. Ең алдымен экспорттау саласындағы бюрократиялық бөгеттерді азайтып, монополияландыруға қарсы заң жобаларын қабылдау қажет.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси бағыты елімізді посткеңестік кеңістіктегі елдердің алдыңғы қатарына шығарды. Тіпті қазіргідей төтенше жағдайдың өзінде Елбасы қалыптастырған Ұлттық қордың қаражатына арқа сүйеп жатқанымыздың өзі біраз жайды аңғартса керек. Басқасын айтпағанда, пандемия жағдайы туындаған күннен бастап, қарапайым тұрғындардың экономикалық, әлеуметтік мәселелерін шешу үшін елімізде бөлінген қаражаттың көлемі өте ауқымды. Қазақстанда барлық экономикалық, әлеуметтік шараларға 5,9 трлн теңгенің көлемінде қаржы бөлініп отыр. Бұл – жалпы республикалық бюджеттің тең жартысына пара-пар қаржы. Ел тарихында дәл осындай көлемде қосымша қаржы бөлу бұрын-соңды болмаған. Бөлінген қаржыны әр тұрғынға шаққанда Қазақстанда
347 мың теңгеден келсе, ал Ресейде –
53 800, Арменияда – 50 322, Грузияда –
45 700, Украинада – 37 300, Әзербайжанда – 25 900, Өзбекстанда 13 800 теңгеден келіп отыр. Қазақстанның әр тұрғынға шаққанда бөлген қаражат көлемі жоғарыда аталған алты мемлекеттің әр адамға бөлгендегі қаражатын қоса алғанда 1,5 есе артық.
Қазір бізге тұрғындардың карантиндік жағдайды тиісінше қабылдап, мемлекеттік құрылымдар тарапынан қойылған талап, шарттарды бұлжытпай орындауы өте маңызды. «Құқығымыздың қорғалуы өз жауапкершілігіміздің деңгейіне байланысты» деген екен Джон Кеннеди. Демек дәл қазіргідей сәтте әр азамат мемлекет денсаулығымды қорғап, амандығыма кепіл болсын десе, төтенше жағдайда қойылған талаптарды бұлжытпай орындап, темірдей тәртіпті сақтай білуі тиіс.
Қазір не көп, негізсіз ақпарат көп. «Жау жоқ деме, жар астында» деген халық даналығы. Жымқырғанын жат жұртқа асырып, елден безіп, туғандарына тасадан тас атуды ермегіне айналдырған ездер тағы бар. Тәбеті тажал вируспен ұрықтас немелердің бар ниеттері ұрымтал сәтті пайдаланып, сүттей ұйыған елдің ішіне іріткі салып, зардап шектіру. Алайда ақ пен қараны ажырата алатын саналы ерлеріміздің ондай қара ниеттілердің қаңқу сөздері мен қысыр әңгімелеріне еріп кетпесіне кәміл сенемін. Төтенше жағдайда саулығымыз бен амандығымыздың кепілі болып, бар жауапкершілікті мойнына алатын жалғыз күш – мемлекет. Сондықтан да еліміздің азаматтарын тек мемлекеттік ресми органдар таратқан ақпаратқа ғана сенуге шақырамын.
Цифрландыру саласы ғылымның негізіне ғана емес, күнделікті тірлігіміздің көзіне де айналды. Бір қызығы, коронавируспен күресте ең тиімді және шапшаң әдістер тағы сол цифрлы технологиялардан келді. Пандемия кезінде Қытай, Сингапур, Оңтүстік Корея сияқты елдердегі тұрғындардың дене қызуы мен физикалық ахуалын қоса айқындайтын бейнекамералардың пайдасы көп болыпты. Ал цифрландырудың біздегі ахуалы сын көтермейтінін төтенше жағдай тайға таңба басқандай етіп көрсетіп берді. Аты дардай мемлекеттік бағдарлама бар, бөлінген қаржы да қомақты. Бұл салада да әзірге импортқа тәуелді екенімізді мойындауға мәжбүрміз. Елдің цифрлы жүйесіне енгізіліп жатқан ноу-хаулардың қаншасы шетелдік, қаншасы отандық екеніне мониторинг жасаған кім бар? Жауапты министрліктердің есебін тыңдасаң, ешкімге есеміз кетіп жатпағандай көрінеді. Алайда алысқа бармай-ақ Skype-ты эстондар, World of tanks-ты белорустер, InDriver-ді сахалар (якуттар) ойлап тапқанын білетін адам ешбір министрдің есебіне сенгісі келмейді. Жалпы, біздегі жүйе ендігі жерде құрғақ есепке емес, нақты нәтижеге жұмыс істесе. Есептің көзге көрінер нақты нәтижесі мынадай болса керек: мемлекет қолдауымен ашылған Жоғары технологиялар паркі Беларусьтың бюджетіне жылына 900 млн долларға жуық кіріс кіргізеді (бұл елдегі барлық жеке кәсіпкерлердің салық көлемінен асып түседі), InDriver Якутия бюджетіне жүз миллиондаған рубль салық төлейді. Біздің қоғам да министрліктердің құрғақ есебін емес, дәл осындай нақты нәтижелерін көргісі келеді.
Әр қиындықтың бір қайыры да болатынын үйретті бізге бұл індет. Еліміздің саналы азаматтары үйлерінде отырып-ақ бірі жылы сөзімен, бірі ән-жырымен, бірі небір креативті челенждерімен құлазыған көңілдерге үміт, жабырқаған жандарға жылылық сыйлап жатыр.
Иә, көңіл ел жақтағы ағайынды ойлап елегізиді. Қалаларымызды торлаған індеттің қара бұлты алтын ұя ауылымыздан аулақ болса екен деп тіледік. Бұл тілеуіміз де жыр болып төгіліп, ән болып әуеледі. «Ауыл» партиясының белсенділері ел басына күн туған сәтте де еңбек майданының қайнаған ортасында жүрген ауыл еңбеккерлеріне «Дала қаһармандары» әнін арнады. Ұлыларымыз айтқандайын ән де, жыр да «жайшылықта тумайды, қайшылықта тулайды». Міне, қиындықтың қайыры, сынның бізге берген сабағы осындай...
Қаншама жомарт жандар таршылық көргендерге қол ұшын беріп, қайырымдылық қылуға асығуда. «Біз біргеміз!» деген қарапайым хештег бұл күндері ұлттың ұранына айналғандай әсер береді. Бүтіндей бір қаланың тұрғындары бір сәтте Әнұранымызды әуелетіп, төтеден төнген қиындыққа мұқалмайтын ұлттың асқақ рухын айғақтады. Иманы кәміл, рухы асқақ, білімі ілгері, бірлігі берік ел қиындықтың бәрін жеңбек. Бір болайық, бірлікте болайық, бауырлар!
Әли БЕКТАЕВ,
Парламент Сенатының комитет төрағасы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы