Суретті түсірген Ерлан Омар, EQ
«9-13 сәуір аралығында Нұр-Сұлтан қаласында 4 766 адамға коронавирус инфекциясына байланысты экспресс тестілеу жүргізілді. Оның 61 жағдайында немесе 1,2% тестілеу оң нәтиже көрсетті. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, бұл адамдар әрі қарайғы тексеру жұмыстары үшін провизорлық стационарға жатқызылды. Яғни, полимеразды-тізбекті реакция әдісімен коронавирус инфекциясына тексеру жүргізіледі. 61 адамның 30-ы теріс нәтижемен ауруханадан шығарылды», деді С. Қисықова.
Сонымен қатар ол коронавирус инфекциясынан қайтыс болған науқас туралы айтып берді. Оның айтуынша, 1950 жылы туған тұрғын 11 сәуірде жедел жәрдем қызметі арқылы провизорлық ауруханаға ауыр халде түскен.
«Жағдайы ауыр болғандықтан, науқас жедел түрде реанимацияға жатқызылды. Туыстарының айтуынша, марқұм үйде 3 күн бойы ауырған, дене қызуы 38 градусқа дейін көтерілген. Медициналық көмекке жүгінбей, өздігінен қызуды басатын дәрілер ішкен. Ентігіп, тыныс алу қиындаған соң стационарға жүгінген. Одан бөлек, науқас артериялық гипертензия, қант диабеті, жүрек ишемиясымен ауырған. 2011 жылы оған аортакаранарлық шунттау жасалған. Науқастан коронавирустық инфекция табылды, ауруды диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамасына сәйкес ем-дом жүргізілді. Кәсіби мамандардың қатысуымен консилиум өтті. Бірақ қарқынды терапияға қарамастан ағзалық жетіспеушілік белгілері көбейіп, 13 сәуірде сағат 23:40-та науқас көз жұмды. Жүргізілген барлық реанимациялық шаралар көмектеспеді. Туыстары арасынан жақын байланыста болған адамдар тексеріліп, үй жағдайында карантинге орналасты», деді С.Қисықова.
Қазіргі уақытта елордада вирус жұқтырғандар саны 264 адамға жетті. Соңғы екі күнде 12-13 сәуір күндері 29 жағдай тіркелген.
«19 жағдай – өкпенің екіжақты қабынуы, тыныс алу қиындығы бойынша бірнеше күннен бері стационарда жатқан науқастардан табылды. Олардың алғашқы сынамасында коронавирус инфекциясы табылмаған еді. Бірақ КВИ диагностикалау мен емдеу хаттамасында ауру белгілері (рентгенограммада немесе компьютерлік томографияда өкпенің екіжақты өзгеріске ұшырауы) байқалған адамдардан қайта сынама алу ұсынылған. Осылайша, дәрігерлер қайта сынама алған 19 науқастан инфекция табылды. Бұл әдіс арқылы коронавирус инфекциясын диагностикалау мен емдеу тиімді болады. Тағы 7 оқиға – науқастармен байланыста болғандар, отбасы мүшелері немесе бірге жұмыс істегендер арасынан табылды. Олар бұған дейін оқшауланып, тексеруден өткен және инфекция расталғандықтан, ауруханаға жатқызылды. Ал 3 оқиға – коронавирус инфекциясы бойынша жүргізілген мониторинг барысында табылды», деді Сәуле Қисықова.
Жиын барысында ол елордада карантинге жабылған 23 нысанның 13-і ашылатынын мәлімдеді.
«Тұтас эпидемиялық кезеңде елордада 23 нысан карантинге жабылды. Бұл нысандарда эпидемияға қарсы барлық шектеу шаралары жүргізілді. Қазіргі уақытта карантин режімінде 10 нысан қалды. Аурудың 267 ошағында дезинфекциялық шаралар жүргізілген. Бұл – науқастар тұрған үйлер мен жұмыс орындары. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жалпы 17 414 жағдайға зертханалық тексеру жұмыстары жүргізілді», деді басқарма басшысы.