Аймақтар • 15 Сәуір, 2020

Оралда ертеңнен бастап барлық базар жабылып, қоғамдық көлік тоқтайды

1046 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында коронавирус індетіне шалдыққандар саны 18-ге жетті. Соңғы тәулікте анықталған 5 адам - Ресей Федерациясынан жұмыстан келген, оның төртеуі батысқазақстандық, екеуі – ақтөбелік тұрғындар.

Оралда ертеңнен бастап барлық базар жабылып, қоғамдық көлік тоқтайды

- Бүгінгі күні облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 17 науқас емделіп жатыр. Біреуі жазылып шықты. Батыс Қазақстан облысында осы кезге дейін тіркелген 18 оқиғаның 14-і бұл инфекцияны облыс аумағынан тыс жерден жұқтырып келсе, 4 оқиға осы адамдармен жақын қарым-қатынаста болудан жұққан, - деді Батыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев.

Облыстың бас санитар дәрігері мәлімдеген басты жаңалық - 16 сәуірден бастап облыста карантиндік шаралар одан әрі күшейтілетіні болды. Яғни ертеңнен бастап Орал қаласындағы барлық қоғамдық көлік – автобустар тоқтайды. Облыс аумағындағы барлық банк бөлімдері, Қазпошта бөлімшелері жұмысын уақытша тоқтататын болды. Облыс аумағындағы барлық базар жұмысын тоқтататын болады. Айта кетейік, бұған дейін азық-түлік базарлары қызмет көрсетіп тұрған болатын.

«Бұл шараның бәрі адамдардың қозғалысын шектеу мақсатында жасалып отыр. Егер бұл ережені сақтамасақ, коронавирустық инфекцияның тарауын тоқтата алмаймыз» деді Мұхамғали Арыспаев.

 

Батыс Қазақстан