Қоғам • 17 Сәуір, 2020

М. Мұхамедқызы дүниежүзі дәрігерлеріне арнау – «Бүкіләлемдік дұғаны» орындады

1629 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Опера дивасы «Астана Опера» жетекші солисі Майра Мұхамедқызы дүниежүзі дәрігерлеріне арнау – «Бүкіләлемдік дұғаны» орындады. Бейнеклип «Хабар» Агенттігі» АҚ, Мәдениет және спорт министрлігі, «Астана Опера» МОБТ-мен бірлесе жасалды.

М. Мұхамедқызы дүниежүзі дәрігерлеріне арнау – «Бүкіләлемдік дұғаны» орындады

– Мен барлығы үшін ән салмаймын, мен әрбір адам үшін ән саламын. Бүгінде дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің жанкештілігі мен табандылығына төрткүл дүние қайран қалуда. Бүгінгі күннің батырлары бұл – басқаның өмірі үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, күндіз-түні қызмет етіп жүрген дәрігерлер. Жер-жерде коронавирусқа шалдыққандар саны артуда. Дегенмен жазылып шыққандардың саны да аз емес. Әрине бұған ақ халатты абзал жандардың ерен еңбегінің арқасында қол жеткізіп жатырмыз. «Хабар» Агенттігі ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Астана Опера» МОБТ-мен бірге дәрігерлерге арнап «Бүкіләлемдік дұға» атты әлемдік танымал туынды – грек композиторы Вангелистің классикалық шығармасына клип түсірді. Бұған қоса клипте коронавируспен күресіп жүрген дүниежүзі дәрігерлері туралы кадрлар да қолданылды, – деп атап өтті атақты әнші Майра Мұхамедқызы.

Қазақстандықтар «Бүкіләлемдік дұға» бейнежобасын ерекше құлшыныспен қабыл алып, жүздеген тамсанған пікірлер қалдырды, осынау клипті өз парақшалары арқылы көптеп таратты. Олардың басым көпшілігі барлық медицина қызметкерлерінің төзімділігі мен қайсарлығына бас иетіндіктерін айтты.