Технология • 15 Сәуір, 2020

«Қазақтелекомның» абоненттік базасы 25000 клиентпен толықты - Қуанышбек Есекеев

195 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифингте төтенше жағдай кезіндегі интернет жұмысы жайында баяндады.

«Қазақтелекомның» абоненттік базасы 25000 клиентпен толықты - Қуанышбек Есекеев

«Соңғы бірнеше апта ішінде, елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілгелі бері, «Қазақтелеком» АҚ компаниялар тобындағы сыртқы интернет арналардағы трафик 20% -дан астам өсті, ал Google, Youtube, әлеуметтік желілер және мессенджерлер, яғни бір сөзбен айтқанда топ контенттің жергілікті кэштеу серверлеріндегі трафик бірден 15% -ға артты. Трафиктің күрт артуының негізгі себептері, менің ойымша, баршаға түсінікті, дегенмен, қысқаша тоқталып өтейін – негізгі себеп қазақстандықтардың басым бөлігінің жұмысы онлайн форматқа көшуі, бейне-контентті тұтынудың едәуір артуы, клиенттеріміздің желіде отыратын уақытының айтарлықтай өсуі, сонымен қатар көптеген жаңа клиенттердің қосылуы», деді «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.

Оның айтуынша,  тек наурыз айының өзінде «Қазақтелекомның» абоненттік базасы 25000 клиентпен толыққан.

«Біз сыртқы арналардың сыйымдылығын 360 Гбитке кеңейткенімізді және желідегі жүктеменің едәуір артуына қарамастан, оны жалғастыра беретінімізді атап өткім келеді.  Төтенше жағдай жарияланғаннан бері «Қазақтелеком» сыртқы интернет арналарының өткізу қабілеттілігін арттыру бойынша провайдерлермен жедел келіссөздер жүргізді. Қазіргі уақытта бұл арналар шамамен 25% кеңейтілді, бұл сыртқы интернет арналарын жүктемеуге және ұсынылатын қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.