Аймақтар • 15 Сәуір, 2020

«Big Bag» өндірісі басталды

285 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Карантин болып жатса да Қызылжардың кейбір кәсіпорындары жаңа өндіріс ашып жатыр. Мәселен, «SMBGROUP Family» ЖШС кәсіпорыны 1,5 тонналық полипропилен қапшықтарын шығара бастады. Қазіргі модаға сәйкес «Big Bag» деп ағылшынша атағанымен бұл қазақша кәдімгі үлкен қаптар немесе сөмкелер деген сөз. Баяғыда да жүн салатын осындай қанарлар болатын, мынау соның бір түрі. Артықшылығы сол – бұл су өткізбейді. Сондықтан ішіндегі бидай, цемент сияқты заттар дымданбай, бүлінбей сақталады.

«Big Bag» өндірісі басталды

Бұл әсіресе, қоймаларда ұзақ жататын өнімдерге пайдалы. Осы уақытқа дейін мұндайды да Ресейден сатып алып келген екенбіз, енді өзіміз шығаратын болып жатырмыз. Ашылатын жұмыс орыны - 150 адамға жуық. Әзірге 35 адам жұмыс істеуде. Жуырда осы өндіріске облыс әкімі Құмар Ақсақалов та барып, жаңа өнімдермен танысты. «Бұл өнім әсіресе, тұқымдық бидайын ұзақ мерзімге сақтайтын диханшыларға қажет болады. Жасыратыны жоқ, көптеген қоймалардан су ағып, сақтаған тұқымның сапасы төмендеп, бүліне бастайды. Ал мына алып қапшықтарға сақталған өнімдерге ешқандай дым тимейтін болады», деді әкім.    

Бұл жоба «Өндіріс» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асып отыр. Кәсіпорын сол бағдарламаның арқасында жылдық өсімі 6 пайыз ғана болатын 500 млн теңге несие алған. Қапшықтарды тігетін машинкалар жапониялық өнімдер, кәсіпорын олардың әрқайсысын 5 мың 800 АҚШ долларына сатып алған. Шикізаттың негізгі бөлігі Ресейден, сондай-ақ Тайвань сияқты алыс шетелдерден алынады. Кәсіпорын жылына осындай қапшықтың 1,5 млн данасын шығаруды жоспарлап отыр. Кәсіпорынның құрылтайшысы Мұқан Сәдуовтың айтуына қарағанда біздің кәсіпорындарымыз мұндай өнімді негізінен Ресейден алып келген, «енді өзіміз шығаратын боламыз және оның сапасы көрші елдікінен артық болатынынан үміттіміз», деді ол. 

 

ҚЫЗЫЛЖАР