Қоғам • 15 Сәуір, 2020

Төтенше жағдайға байланысты Beeline желісінде шамадан тыс жүктеме тіркелген жоқ

185 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифингте Beeline Қазақстан бас атқарушы директоры Евгений Настрадин айтты. 

Төтенше жағдайға байланысты Beeline желісінде шамадан тыс жүктеме тіркелген жоқ

«Төтенше жағдай режимі енгізілген сәттен бастап Beeline желісіндегі мобильді трафикті тұтыну орта есеппен 10%-ға өсті. Бұл ай сайынғы өсу қарқынынан сәл ғана артық, әдетте ай сайынғы өсу қарқыны 5% деңгейінде болатын. Сондай-ақ орнықты, яғни сымды интернет трафигі 30%-ға өсті. Бұл орайда, трафик бөлу картасы біршама өзгерді. Абоненттеріміз  уақытының басым бөлігін үйде өткізеді. Сәйкесінше, орнықты интернетке қосылу мүмкіндігі бар жерлерде мобильді желіге мүлде жүк түскен жоқ. Біз адамдардың қашықтан жұмыс істеуге қалай көшкенін, уақытының басым бөлігін үйде өткізе бастағанын жүктемеден көрдік», деді Евгений Настрадин.

Осы орайда ол Beeline компаниясының төтенше жағдайға қаңтар-ақпан айларында-ақ  дайындық жұмыстарын бастап кеткенін атап өтті.

«Қаңтарда індет Қытайда тарала бастап, қатаң карантин енгізілген кезде, тұтынушылардың көптігінен операторлар желісіндегі жүктеменің қалай өзгергенін көрдік. Қытайдағы серіктестеріміз болып жатқан іске шолу жасап, ақпараттарын бізбен бөлісті. Сондықтан қаңтар-ақпан айларында-ақ алдын алу шараларын жасадық. Мобильді желіде де, орнықты байланыста да тірек желісі кеңейтілді. Тасымалдаушы арналарда сыйымдылықты ұлғайттық. Құрылған резерв қазір бізге жетеді. Beeline желісінде шамадан тыс жүктеме, айтарлықтай апат тіркелген жоқ», деді ол.

Сондай-ақ ол алдағы уақытта артық жүк түсіп, ақаулар орын алмас үшін, сыйымдылықтың артатынын айтты.

«Қазақстандағы барлық оператормен бірігіп, бір жылдың ішінде 1000-нан астам елді мекенді  кең жолақты интернетпен қамтуды жоспарлап отырмыз. Жоба жүзеге асырыла бастады.  Студенттер мен оқушылардың білім беретін ресурстарға қосылуын қамтамасыз ету үшін, БҒМ-ға онлайн-оқуды ұйымдастыруға қатысты техникалық кеңестері бар хат әзірледік. Қазақстанда 2,7 миллион оқушы мен миллионға жуық студент қашықтан оқуға көшірілді. 1 сәуір күні сынақтама түрінде өткен онлайн сабақтар барысында Beeline желісінде апат тіркелген жоқ. Біздің деректер бойынша, оқуға жұмылдырылған сервистер жүктемені көтере алмады», деді Е.Настрадин.