Аймақта дерт жұқтырғандардың көбеюіне байланысты шектеу шараларының қатаңдатылғаны белгілі. Ал оның орындалуын саралаған Шамшиддин Әмитов аз уақыт ішінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476 бабын сақтамаған 526 факті анықталғанын атап өтті. Осыған байланысты сотта 236 әкімшілік іс онлайн түрде қаралып, 112 адамға 10 айлық есептік көрсеткіш сомасында айыппұл салынып, 124 тұрғын әкімшілік қамаққа алынған.
Осыған қарамастан әлі де карантин талабына бағынбай, өзінің де, өзгенің де өмірін қатерге тігіп жүргендер аз емес.
Мысалы, 13 сәуір күні «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының ғимараты алдына әлеуметтік көмектің жай-жапсарын білмек болған топ адамның жиналғаны белгілі болды. Жергілікті атқарушы орган мен прокуратура өкілдерінің түсіндірмесінен кейін топтағылардың біразы тарады. Жұртты жиналуға үндеп, тәртіпке бағынбаған 27 жастағы қала тұрғыны сотқа тартылып, 10 АЕК көлемінде айыппұл арқалады, – деді Шамшиддин Әмитов.
Тәртіп бұзғаннан кейін де полицейлерге бағынбай, балағаттаған тағы бір тұрғынның ісін сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Айыбы анықталса, оның да жазасы жеңіл болмайын деп тұр.
Күні кеше ғана облыстық бас санитарлық дәрігерінің №9 қаулысы қабылданды. Соған сәйкес, карантин кезінде қалаға кіріп-шығуға рұқсат алған көліктер саны тағы қысқарды. Бүгін бақылау бекеттеріндегі ұзын-шұбақ кезек осыған байланысты туындап отыр. Жергілікті билік осы мәселені жедел шешу жолдарын қарастыруда.
Полиция департаменті басшысының орынбасары қазіргі жағдайға байланысты әлеуметтік желілерге де тұрақты мониторинг жасалып отырғанын жеткізді. Желі арқылы жалған ақпарат таратып, жұртты дүрліктіргендер де жазасыз қалмайды.