Аймақтар • 15 Сәуір, 2020

Ертеңнен бастап Қазалыда қоғамдық көліктер тоқтайды

552 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Коронавирус инфекциясының таралуын тежеу үшін ертеңнен бастап Қазалы ауданында шектеу шаралары күшейе түседі. Елу мыңға жуық адам тұратын Әйтеке би кентінде көлік қозғалысы мен тұрғындардың жүруіне толық тыйым салынады. Қоғамдық көліктер де тоқтайды. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ертеңнен бастап Қазалыда қоғамдық көліктер тоқтайды

Аудан орталығына жеткізетін аспалы көпір, Қазалы қаласынан келетін жолдар, кенттің шығыс бетіндегі теміржол өткелі толығымен жабылады.

Тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында аудан орталығындағы Әйтеке би көшесінің М.Шоқай мен Төле би көшелерінің аралығына да тосқауыл қойылады. Аудандық полиция бөлімшесі қызметкерлері көшеде ешқандай себепсіз жүрген жаяу жүргіншілер мен автокөлік иелеріне әкімшілік хаттамалар толтырып, аудандық сотқа жолдайды.

Айта кетейік, 14 сәуір күні облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің №9 қаулысы шыққан болатын. Қаулыға сәйкес Қызылорда қаласы мен аудандарда азаматтардың және көліктердің барлық түрлерінің (азық-түлік тауарларын, дәрілік заттарды, медициналық тауарларды тасымалдайтын көліктерді, өндірістік және ауыл шаруашылығы салаларында халықтың тұрмыс тіршілігін қамтамасыз ететін қызмет көрсетулерді, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдармен бекітілген тізбені қоспағанда) кіруіне және шығуына тыйым салынды.