Спорт • 15 Сәуір, 2020

Спортшылардың қайырымдылық шаралары жалғасуда

113 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Коронавирус дерті өршіп тұрған қиын кезеңде мұқтаж адамдарға қол ұшын беру мақсатында әлемге әйгілі спортшылар өздерінің құнды заттарын аукционға қойып, содан түскен қаражатты толықтай қайырымдылық шараларына жұмсап жатқаны жайында біз бұған дейін де баяндағанбыз.

Спортшылардың қайырымдылық шаралары жалғасуда

Солардың қатары тағы бір спортшымен толықты. Грекияның атақты теннисшісі Стефанос Циципас өзінің ракеткасын аукционға қойды. Дәл осы ракеткамен ол былтыр АТР-дің қорытынды турнирінде топ жарған еді. Финалда Стефанос Доминик Тимге тізе бүктірді. Әзірге айтулы ракетка 200 еуроға бағаланып отыр. Десек те Афиныда өтіп жатқан аукционның әлі алты күнге дейін созылатынын ескерсек, Циципастың «дүниесінің» құны да өсетіні анық.

Стефанос Циципастың өзіне келетін болсақ, биылғы жылдың тамыз айында ол 22 жасқа толады. Ежелгі Эллада елінің өкілі жоғарыда аталған атақтан бөлек, АТР турнирлерінде бес рет дара шықты. Былтыр Аустралия ашық біріншілігінің жартылай финалына дейін жетті. Бүгінгі таңда Циципас әлемнің алтыншы ракеткасы атанып отыр.