Аймақтар • 15 Сәуір, 2020

Сарысу ауданында ерікті әскери міндеттілер жиынға тартылды

233 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін «Әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыру туралы» Жарлыққа қол қойған болатын.

Сарысу ауданында ерікті әскери міндеттілер жиынға тартылды

Елорданың, республикалық маңызы бар қалалардың және облыстардың жергілікті атқарушы органдарына шақырылатын әскери міндеттілердің санын және арнаулы жиындарды өткізу мерзімдерін айқындай отырып, тиісті жергілікті әскери басқару органдары арқылы әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыруды ұйымдастыру тапсырылған. Ал, еліміздің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев әскери жиынға бірінші кезекте ерікті адамның қабылданатынын, қанша адамның қажет екенін әрі әскери жиынға қабылдау мерзімін жергілікті әкімдердің шешетінін, әскери жиын 10 күннен 3 айға дейін созылуы мүмкін екенін, сондықтан да әкімдер әскерге баруға міндеттілерді олардың денсаулығы, отбасылық жағдайы мен жасына байланысты анықтайтынын мәлімдеген еді.

 Жиын кезінде әскери міндеттілер әскери қызметкер статусын алады. Олар тамақ, киім және медициналық қамсыздандыру секілді барлық әлеуметтік жеңілдікпен қамтамасыз етіледі. Осыған орай, бүгін Сарысу ауданында аудан әкімі Қанатбек Мәдібектің және тиісті сала басшыларының қатысуымен жиырмадан астам аудандағы ерікті әскери міндеттілер жиынға тартылды. Ерікті әскери міндеттілер аудан аумағы бойынша топ-топқа бөлініп, қауіпсіздік шараларына атсалысатын болады. Олардың киім, медициналық маска, тамақ және де қорғаныс саласындағы барлық қажеттіліктері аудан әкімдігінің тарапынан толықтай шешілген. Күні бойы ел арасындағы, бекеттер мен жолайрықтардағы сақтыққа атсалысатын азаматтар жұмыс уақыты аяқталғанда өз үйлеріне барады. Азаматтарға барлық талап пен тәртіп толық түсіндірілген.

 

Жамбыл облысы