Өнер • 16 Сәуір, 2020

Тігін машинасын тұмар еткен шебер

553 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көпшілікке танымал «Өрнек» сән үйінің негізін қалаушы белгілі дизайнер, хас шебер Нұрияш апаның саналы ғұмыры ұлттық киімдер тігумен ерекшеленеді. Әкесінен ерте айырылған Нұрияш Ниязова 7 жасында ине ұстап, 9 жасынан көрші-көлемге киім тіге бастаған екен. Сол өнері оның өмірлік серігіне айналды.

Тігін машинасын тұмар еткен шебер

Тігіншілік оның сүйікті кәсібі, абыройлы еңбегі. Киім тігудің сан түрлі әдістері мен ұлттық оюлардың қаншама құпияларын хас шеберге өмір тәжірибесі үйретті. Әлі есінде, небәрі 11 жасында көрші шебер апасына жұмыс істеуге ниетін барын айтып, қолғабыс етіп жүреді. Алайда уақтылы іс тігуге жасының сай келмейтіні ойландырады. 3 ай еңбек еткен соң ең алғашқы жалақысын алады. Тұлымшағы желбіреген 11 жасар Нұрияш көршілеріне қолындағы ақшасын беріп, Баку қаласынан тігін машинасын алдырады. Бүгінге дейін осы тігін машинасы шеберхана төрінде тұмарындай болып сақталып келеді.

1956 жылы туған ағасы оқуын тәмамдап, әскерге шақы­­­рылады да, анасына кө­мек­­тесу үшін 15 жасар Нұ­рияш кеш­кі мектепке ауысып, жұмыс істеуге бел буады. Ұзақ уақыт жұмыс іздеп, әске­ри парадтық костюмдер тігетін цехқа қабыл­данады. Бұл оның кәсіби шеберлер арасында баста­ған алғашқы еңбек жолы еді. Көп ұлтты адамдармен тез тіл та­бысып, табысты жұмыс істе­йді. 1977 жылы барлық киім­ді тіге алатын шеберге ұлт­тық киім­дерді тігу туралы ой келеді. Сөй­тіп бірнеше мем­ле­кет­ке барып материалдар әкеліп, фу­рниту­ра қолданып ісін бастап кетеді.

– Сонау 1985 жылы кейбір адамдардың қазақи киімдерге тосырқай қарайтын кезі еді. Соған қарамастан ұлттық киімдерді тігуді тоқтатпадық. Қазір заман мүлдем басқаша, қазақы киімге деген сұраныс артып, заманауи стильде тіктіріп киіп жатқандар көз қуантады. Әр келген тұтынушыларыма айтқан киімін тігіп беріп, оның қуанып, алғысын айтып, риза болып бара жатқанын көру ба­қыт. Бұл жұмысты қиын деп те, оңай деп те айтуға бол­май­ды. Өзімнің сүйікті ісім бол­ған­дық­тан осындай еңбек­пен үлкен дәрежеге жетіп отырмын, – дейді шебер Нұрияш Ниязова.

Қазір шебер басқаратын «Өрнек» сән үйінің Нұр-Сұлтан, Атырау, Ақтау қала­ларында шеберханалары мен дүкендері бар. Барлығында 40 шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. Тапсырыстар толас­тар емес. Барлық қала­дан сұранысқа ие ұлттық киім­дерді, тіпті шетелге сыйлыққа апаратындар көптеп саналады. Мұнда ерлер мен әйелдерге арналған барлық киім түрі мен бас киімдер тігіліп шығады. Тапсырыс әсіресе, наурыз мерекесі қарсаңында қыза түседі. Бешпент, камзол, кәжекей, шапан, кеудеше, көйлек, сәукеле, тақияның ұлт­тық ою-өрнекпен көмкеріл­ген сан алуан түрі осы сән үйі­нің туындысы.

Президент оркестрінің киімдерін, ұлттық гвардия, түрлі мәдени ұжымдар, тіпті ЭКСПО-ның киімдерін де «Өрнек» сән үйі тіккен. Сапалы, аса жоғары талғаммен тігілетін киімдер көздің жауын алады. Шебер матаның сапасы мен үйлесімді сәніне көп мән береді. Ұлттық нақыштағы стильді заманауи үлгімен қабыстырып тігуден тәжірибелері мол. Кәсіпкер заман көшінен қалмай, жоғары талғамды киім тігуді, оған жетекшілік етуді жалғастыра бермек. Осылайша бар білгенін жастарға үйретіп, өмірін ай­шықты өрнектеп келеді.

Ұлттық болмысты жастарға нас­и­хаттайтын алдыңғы буын апа­лардың, ақ жаулықты ана­лар­дың тәлімі қашан да маңызды.

 

Маңғыстау облысы