Коронавирус • 16 Сәуір, 2020

Белгілері біліне бермейтіндігімен қауіпті

312 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әлемде 2 млн-ға жуық адам коронавирус жұқтырды. Адамзатты әбігерге салған індеттен зардап шеккендердің саны да күн сайын артуда. Мамандар COVID-19 вирусының тез таралуын оның жұқпалығымен қатар, бұрын-соңды байқалмағандығымен байланыстырып отыр. Ғылым тілімен айтқанда, адам ағзасында COVID-19 туралы иммундық жады жоқ болғандықтан күресу де қиынға түсіп жатыр. Сондықтан да ауруды ауыздықтаудың бірден-бір жолы карантин екенін дүние жүзі халқы түсінгендей.

Белгілері біліне бермейтіндігімен қауіпті

«Коронавирустың 40 шақ­ты түрі бұрыннан бар. Ол жүгірген аң, ұшқан құс, тіпті адамдарда да кез­де­се­тіндіктен, олардың ағза­сын­да осы коро­на­ви­рус­тар бойынша им­мун­дық жады қалыптасқан. Яғни ағза әлсіреп, вирус қоза бастаған кезде мил­лиар­дтаған жасу­шалар қар­сы тұрып күресе бастайды. Ал жаңа COVID-19 – коронавирустың өз­ге­ріске ұшыраған түрі. Адам­дарда және жан-жан­уар­лар­да бұл туралы иммундық жады жоқ. Қазір біздің ағзамыз COVID-19 вирусына қарсы тұрып, жоятын деңгейге әлі жетіңкіремей тұр. Сон­дық­тан да жасы ұлғайған, им­мунитеті төмен, созылмалы аурулары бар адамдар бұл дерттен көбірек зардап шегіп жатыр. Ал COVID-19 жұқтырғандардың 40 пайызы симптомсыз, яғни мүлде ауру белгілері байқалмаған күйде өтуде. Бірақ олар ауруды тасымалдайды. 30 пайызында орташа ауырлықта өтсе, қалғаны ауыр деңгейде зардап шегеді. Италияда басқа елдегілермен салыстырғанда қарттардың саны 2-3 есе көп бол­ғандықтан өлім-жітім дең­гейі де жоғары болып отыр», дейді Ұлттық биотехно­логия орталығы Алматы филиа­лы­ны­ң директоры, академик Сейдіғаппар Мамадалиев.

Вирусқа қарсы және иммунитетті жоғарылататын препараттар дайындау ба­ғы­тында ғылыми ізде­ніс­­тер жүргізетін Микро­био­логия және вирусология ин­с­ти­тутының мама­ны­нан ви­рустың сипаты туралы сұ­рап көрдік. «Коро­на­ви­рус­тың көптеген түрі бар. Адамдардың арасында ЖРВИ (ОРВИ) деген атпен оның төрт түрі кездеседі. Әдетте бел­гілері ұқсас бол­ған­дықтан тұмау деп айта береді. Бірақ себептері әр­түрлі болуы мүмкін. ЖРВИ-дің 10 пайыз­дайы коронавирустың себе­бінен болып жатады. Коро­на­вирустар табылғанына 50 жылдан аса уақыт болды. Бірнеше топ­­тары, яғни тұқымдасы кез­деседі. Мыса­лы, бір тұқым­да­сы тек құс­тар­да кездессе, бір түрі жануарлар­да кездесіп жатады. Ал мына COVID-19 вирусы жар­қа­нат­тар­дан табылған, 2003 жылы таралған SARS-қа 90 пайыз ұқсас. Бірақ SARS мутациялық жолмен ұдайы эволюциялық өзгерістерге ұшырап отырады», дейді Микробиология және вирусология инсти­ту­тының вирус экология­сы лабораториясының мең­ге­ру­ші­сі Айдын Қыдырманов.

А.Қыдырманов бұл ін­дет­­тен аса қауіптенудің қа­­жеті жоқ екенін айтады. Оның пікірінше, бізді дүр­лік­­тіріп жүрген ақпа­рат­­тың жылдамдығы мен қолжетімділігі ғана. «Дүние бұрынғыдай емес қой. Қазір адамдар өте жылдам байланыста. Қазір осында болған кісі 20 сағаттан соң жер ша­ры­ның басқа бұрышында отыруы мүмкін. Сондықтан да вирус тез таралады. Бұл – бір. Екіншіден, вирусология ғылымы, диагностика қар­қын­ды дамыды. Бұл вирус 40-50 жыл бұрын таралса адамдар бұлай тез анықтай алмас еді. Мысалы, 2003 жылы SARS-тың себебін табуға бір жарым ай уақыт жұмсалды. Ал COVID-19-дың себебі бір аптада анықталып отыр. Қазір ақпарат қолжетімді бол­ғандықтан адамдарда үрей басым. Қарасаңыз, бү­гінде адамдар майданда соғыс жүріп жатқандай күй ке­шуде. 2014 жылы Африкада Эбола (ebolavirus) деген вирус таралды. Оның қауіпті болғаны соншалық, оған шалдық­қандардың 50-83 пайы­зының тірі қалуы қиын болатын. COVID-19 вирусын жұқтырғандардың арасында өлім-жітім деңгейі 3-4 пайыздың айналасында. Демек оның таралуы маусымдық тұмаудан төмен. Қалай дегенмен, бұл ауру – жұқпалы вирустық инфекция.Сондықтан оны тізгіндеудің бірден-бір жолы карантин болып тұр», дейді ол. 

Сондықтан, мамандардың айтқанына құлақ асып, үйден шықпайық, көшеде бейсауат жүрмейік, жақындарымызды сақтайық, өзімізді, отбасымызды індеттен қорғайық!