(Оралхан ойға оралғанда)
Оралхан «Лениншіл жасқа» қызметке шақырылып, алғаш Алматыға келген күні біздің үйге келіп қонды. Бұл біздің тұңғыш танысқан сәтіміз. Оған дейін Оралханды редакцияға жолдаған жазбалары арқылы сырттай ғана танитынмын. Ал бейтаныс жігіттің табан астында атбасын біздің үйге тіреуі кездейсоқтық па, жоқ әлде Жаратқанның жазуы ма, ол жағын кесіп айту қиын.

(Оралхан ойға оралғанда)
Оралхан «Лениншіл жасқа» қызметке шақырылып, алғаш Алматыға келген күні біздің үйге келіп қонды. Бұл біздің тұңғыш танысқан сәтіміз. Оған дейін Оралханды редакцияға жолдаған жазбалары арқылы сырттай ғана танитынмын. Ал бейтаныс жігіттің табан астында атбасын біздің үйге тіреуі кездейсоқтық па, жоқ әлде Жаратқанның жазуы ма, ол жағын кесіп айту қиын.
Нақ сол күні ақын Төлеген Айбергеновтің жылына орай редакцияда қызмет істейтін әйелі Үрниса ұжымды үйіне шақырған. Оралханды да ерте барғанбыз. Қайтар кезде есік алдында оңаша тұрған Оралханнан қайда тоқтағанын сұрадым. «Оны өзім де білмеймін, қонақ үй іздейтін шығармын» деген жауап алдым. Сөйтсе таңертең шамаданын вокзалда қалдырып, бірден редакцияға келген екен. Мен ойланбастан үйге шақырдым. Содан екі айдан астам уақыт, елден келіншегі Айман көшіп келіп, жалға пәтер тауып алғанша біздің отбасының бір мүшесі болып кетті.
Міне, сол бір сәтті күннен басталған арақатынасымыз ол іссапармен Үндістанға аттанғанға дейінгі аралықта өткен ширек ғасырда шарболаттай шыңдалып, шынайы достыққа айналған еді. Туыстай табысып, ағайындай араластық, жан сырымызды, қуаныш-қайғымызды бөлістік. Риясыз сыйластығымыздың сырын кетірмей, адал достығымызды аялап ғұмыр кештік. Иә, Оралхан менің нағыз досым еді. Тіпті, басқалар түгіл, «жеті жетім» ішінде де Оралхан екеуміздің жақын-жарастығымыз бөлекше болатын. Енді міне, тірі болса жасы жетпіске толуын тойлап жататын сол ерте айырылған есіл досымды есіме алып, сыр бөлісіп отырған жағдайым бар. Құдай басқа салған соң көнбеске не шара?! Тағдырдың жазуы осылай болғаны да...
Ойда жоқта Оралханнан айырылып, ортамыздың ойсырап қалғанына тура жиырма жыл толыпты. Бұл бір біздер, отбасы, қатар жүрген достары ғана емес, жалпы ел-жұртының еңсесін езген оқыс оқиға, қабырғасын қайыстырған қаза болатын. Мезгілсіз, төтесінен келген ажалға қанша қайғырып-қапалансақ та, артының қайырын тілеп, шүкіршілікке жүгінуге мәжбүрміз. Өзі өлсе де сөзі тірі жазушының ғибратты ғұмыры жалғасып, қалың елі қазағының жадында жүргені көңілге медет. Көркем шығармалары көпшіліктің көңілінен шығып, есімі қазақ әдебиетінің тарихына жазылған жайсаң жазушы Оралхан Бөкейді ұлты ұлықтап, құрмет көрсетіп, жетпіс жылдық мерейтойын өткізіп жатқандығы қандай керемет! Хас талантқа, дара дарынға деген тағзым, еңселі елдіктің белгісі осындай болса керек!..
Оралхан аяулы атамекені – Алтай аймағының тылсым табиғаты мен қарапайым адамдарының болмыс-бітімін, тірі бейнелерін өз шығармаларында жарқырата жазған-тын. Күнделікті күйбең тіршіліктің, алмағайып әлеуметтік өмірдің тынысын тап басып, көркемдік шындықтың көрігінде шыңдап, боямасыз болмысын жеріне жеткізе жазу арқылы сүлей суреткерлігін танытқан орны бөлек жазушы Оралхан еді. Оның сан салалы тақырыпты қамтыған, қилы тағдырлы кейіпкерлер сомдаған көркем шығармаларының оқиғалары да қиялдан құрастырылмаған. Шынайы шындық – көркем әдебиеттің көркі екендігін жан-жүрегімен түсінген жазушыға тән осы қасиет Оралхан көркемсөздеріндегі кейіпкерлері – ауылдастарының өмір-тіршілігіне арналған көркемсөздеріне де көшкен. Оған көз жеткізгіңіз келсе таяуда жарық көрген «Біздің Оралхан» деген қалыңдығы сүбе қарыс кітапты оқуыңыз керек. Онда қаламгердің жерлестері жазған естеліктер мен суреттер топтастырылған. Кітапты оқу барысында Оралханның әңгіме-повестерінің тірі кейіпкерлерімен танысып, тілдесесіз. Жазушының ел-жұртының жүрегінде өшпестей із қалдыруының басты сыры осы болса керек. Ал Оралханды көркем әдебиетке әкелген оның очерктері, яғни журналистік жолы болатын. Бұл жанрда О. Бөкей салған соны соқпақты қаламгерлер қауымы түгел мойындаған. Оның кейіпкерлерін өңіріне қадаған орден-медальдарына қар