Қоғам • 16 Сәуір, 2020

Осал топтарға жан-жақты көмек көрсетілуде

848 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біз қандай қиын кезеңде де қиналғанға  қол үшін соза білген, сүрінгенді демеген, жылағанды жұбатқан халықтың өкіліміз. Елге, ерге де үлкен сын болып COVID-19-дың бет қаратпас дүлей дауылы соғып тұрған сәтте де ата-бабаларамыздан ауысқан осы қасиетіміз бүгінгі қоғам мүшелеріне де сіңісті болғанына көзіміз жетіп отыр. Осы орайда төтенше жағдай кезінде халықтың осал топтарын қолдау мемлекеттің басты міндеті деп мәлімдеген республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі ел-жұртты бір селкітіп тастады.

Осал топтарға жан-жақты көмек көрсетілуде

Бұл бағытта Ақтөбе облысында көмекке мұқтаж халықтың осал топтарын әлеуметтік тұрғыдан қолдау жөнінде кешенді іс-шаралар жоспары жасалып ойдағыдай іске асып келеді. Осы орайда өңір тұрғындарының он бес санаты бойынша жүз мыңға жуық адамға 1 миллиард 500 миллион теңгеден астам әлеуметтік көмектер көрсетіліп жатқанын айтқанымыз жөн.

Сөз жоқ, бұл атап айтуға тұрарлық сома. Мемлекеттің басты байлығы адамдар десек, төтенше жағдай тұсында олардың мұқтаж топтарына жергілікті атқарушы билік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуі елдіктің белгісі. Осы бір күндерде Ақтөбе аймағында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың жәй-күйі де тағы бір сарапқа салынып, олардың ең мұқтаждарына қаржылай қолдау шаралары алынған.

Сонымен бірге Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин газет тілшісіне облыстық бюджеттен өңір тұрғындарының сегіз санаты бойынша 45 мыңға жуық адамға 900 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінгенін айтып берді. Сөйтіп бір жолғы көмек бір адамға шаққанда жиырма мың теңгеден келеді. Қазіргі карантин кезінде барлық қызмет көрсету мекемелері, соның ішінде әлеуметтік төлемдер төлеу орталықтың есігі жабулы тұрғаны белгілі. Мұндай жағдайда тұрғындар өздеріне тағайындалған бір жолғы әлеуметтік көмекті алу үшін әбігерге түсіп жүрмей ме?

- Жоқ, олай болмайды. Жергілікті жерден белгіленген материалдық көмекті алу үшін қосымша құжат тапсырудың немесе жинақ банкілер кассаларына аяқтай жүріп барудың қажеті жоқ. Өйткені әлеуметтік көмек алушылардың деректері мен тізімі ақпараттық жүйе арқылы бұған дейін жасақталып қойылған. Аталған қаражат осылайша оны алуға тиісті адамдардың есепшоттарына аударылады, - деді сауабы мол істің мән-жайына қатысты Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұл-Бұл Елеусінова.

Сондай-ақ өңірде мемлекет тарапынан тағайындалған 42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлем мен Nur Otan партиясы белгілеген елу мың теңге көлеміндегі бір жақты көмек төлемдерін аудару мәселелеріне қатысты кең ауқымды түсінік жұмыстары жүргізілді. Аталған мәселеде мөлдірлік, әділдік пен ашықтық қағидаттары алға шығып оны алуға тіркелген яки тіркелмей қалған азаматтар арасында   орынсыз өкпе реніш пен түсінбестік туындамау үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды.

Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз біргеміз» акциясын жариялап барша қазақстандық қоғам мүшелерін осынау күрделі кезеңде бір-біріне қолдау көрсетіп, көмегін тигізуге шақырғаны белгілі. Игі бастаманы Ақтөбе аймағының тұрғындары өңір кәсіпкерлері мен меценаттар, өзге де ел-жұртқа жанашыр тұлғалар қызу қолдай білгені де бір мерей. Әсіресе олар әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға қайырымдылық көмек көрсетуді басты парызы деп санай білгендері ризашылық сезімін туғызады.

СOVID-19 індетімен күресте өңір дәрігерлері мен өзге де медицина қызметкерлері жауапты да, қауіп-қатері мол істің бел ортасында келеді. Олар коронавирус инфекциясын өздері де жұқтырып алуы әбден мүмкін екендігіне қарамастан адамдарға араша түсудің жанқиярлық үлгісін көрсетуде. Міне, осындай ақ халатты абзал жандарға өңірдегі дәулетті азаматтар мен әлеуеті мол кәсіпорын жетекшілері тарапынан заттай және қаржылай түрінде көмектер көрсетіліп келеді. Шапағаты мол істің басында «АКТЕП» ЖШС пен КазХром АҚ-ның нар тұлғалы басшылары Нұрлан Сағыналин мен Арман Есенжоловтар болғаны да атап айтуға тұрарлық.

Бұған қосарымыз Ақтөбе аймағында атқарушы органдар тарапынан елімізде төтенше жағдай енгізілгеннен бері тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға және мүгедек жандар мен зейнеткерлерге азық-түлік пакеті мен гигиеналық құралдар және медициналық бет-перделер мен ақшалай көмектер көрсетіліп жүргендігі. Міне, осылайша қазіргі күні де өңірде халықтың осал топтарын әлеуметтік тұрғыдан қолдау шаралады одан әрі жалғасып келеді.

 

АҚТӨБЕ