Жезқазған. Қазақтың жер ортасы да, ел ортасы да – осы Жезқазған. Жезқазған десе көзіңізге қазақтың кең жазықты, ұсақ шоқылы сары даласы, тас қопарып, кен қазып жатқан еңбекқор адамдары елестейді.

ҚАЛАНЫҢ ҚЫСҚА ТАРИХЫ
Жездің өзі табиғатта таза күйінде кездеспейді, ол мыстың мырыш және басқа да элементтердің қоспасынан алынатын өнім. ХІХ ғасырда алаяқтар жезді түстері ұқсас болғандықтан алтын деп талай жұртты алдаған. Ал мыс – жер қыртысынан қоспаларымен бірге алынатын қызыл түсті металл. Мыстың бір тоннасының Лондон биржасындағы бүгінгі бағасы 7 мың доллардың үстінде. Оның пайдаланылатын саласы өте көп. Қазір дүниеде 70-тен аса түсті металдар қорытылады, соның ішінде ең ежелгісі – мыс. Адамзат оны б.д.д. ІІ мыңжылдықтан бері қолданып келеді.
Қазақ мысты көбінесе жез дейді. Сондықтан да Жезқазған қаласын «мыс қазған» демей, осылай атаған. Жезқазған кенінде алтын мен күміс те аз кездеспейді. Қаланың өзі Қаракеңгір өзенінің жағасына орналасқан. Алдымен кеншілер кенті болған ол 1954 жылы ғана Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің жарлығымен қала атанған. 1973 жылдан 1992 жылға дейін ол аттас облыстың орталығы болды. 1997 жылдың мамырында, облыс таратылған соң, шаһар Қарағанды өңірінің облыстық бағыныстағы қаласына айналды.
Кезінде ақын Ғафу Қайырбековтің Жезқазғанға арнаған: «Бар қазынаны артып ап, Уақытпенен жарысқан. Сен көзіме жарқырап, Көрінесің алыстан. Бір бүйірің – Ұлытау, Бір бүйірің – Қарсақпай. Сені тапқан жігіт-ау, Қаныш-аға, ер Сәтбай!» деп жырлағанындай, жез қаласы дегенде аузыңа қазақтың ұлы перзенттерінің бірі Қаныш Сәтбаев есімі орала кетеді. Өйткені, қазіргі Жезқазған өңірі мен қаласының өнеркәсібі өркендеген аймаққа айналуы Сәтбаев есімімен тығыз байланысты. 1929-1931 жылдары ол Жезқазған – Ұлытау өңірінде бұрыннан белгілі деректерді талдау және жаңа геологиялық барлау нәтижелеріне сүйене отырып, Жезқазғанда сол уақыттағы дүние жүзіндегі ең үлкен мыс кен орны бар екенін ашқан. Одан металлогендік болжам картасын жасап, кен игерудің кешенді бағдарламасын түзген. Артынан осыларды қолдану орасан зор табыстарға қол жеткізді. Осы еңбегі үшін Қ.Сәтбаевқа 1958 жылы Лениндік сыйлық берілді.
Жезқазған шаһарының өзі Ұлытаудың оңтүстік-шығысында, Қаракеңгір және Сарыкеңгір өзендерінің бастауында орналасқан. Бұл жер Бетпақдаланың солтүстік-батысына жатады. Қаладан терістікке қарай шыға қалсаңыз, біршама жазық болғанымен, одан әрі биік адырлы, терең сайлы тау жоталары басталады. Жусанды, селеулі даланың иісі ғажап, көкірек көзін ашып, самалына кеудеңді тосып тұра бергің келеді. Жезқазған қаласын суландыратын негізгі көз – осы Кеңгір және Жезді су қоймалары.
Жезқазған қаласы тұрғындарының саны бір кезде 140 мың адамға жақындаған, қазір 90 мыңның төңірегінде. Жезқазғанды КСРО-ның түсті металлургия орталығына айналдырамыз деген ұран көтерілген жылдары басқа республикалардан адамдар ағылды. Қаланы Орынбор – Ташкент темір жолына қосу да көзделген. Ондаған жаңа шахталар, мыс қорыту зауыты, кен байыту фабрикасы және т.б. ашылды. Сол жылдары қалада қазақ халқының үлесі де күрт төмендеп кеткен. Бірақ қазір шаһар халқының 70 пайызға жуығы өз қандастарымыз.
Қазіргі Жезқазғанда Ө.Байқоңыров атындағы университет, бірнеше колледж бар. Өлкетану музейі, С.Сейфуллин атындағы кітапхана, С.Қожамқұлов атындағы театр және басқалары жезқазғандықтардың мәдени өмірінде өзіндік алар орны бар орындар. Сонымен бірге, бірнеше газет, соның ішінде бұрынғы облыстық «Жезқазған туы» газетінің орнында қалған «Сары-Арқа» газеті, жергілікті «Дидар» телеарнасы жұмыс істейді. Шаһарда С.Сейфуллинге, Қ.Сәтбаевқа, Абылай ханға және т.б. арналған ескерткіштер орналасқан. Қалалықтар атақты орыс-кеңес актері, халыққа «Қалқан мен қанжар», «Екі жолдас қызмет етіп еді» және т.б. көптеген кинофильмдер арқылы кеңінен танымал болған дарынды өнерпаз Олег Янковскийдің осында туғанын мақтан тұтады.
Міне, Жезқазған қаласының қысқаша тарихы осындай.
Дақпырт пен шындық
Редакцияның тапсырмасымен осы өңірдің өмірін көрсету мақсатымен жолға жиналдық. Астанадан шығатын жалғыз пойыз Жезқазғанға барып тіреледі. Әрі қарай темір жол жоқ, «тупик». Купелес серіктерімнің бірі Светлана есімді әйел Жезқазған темір жолдың ғана «тупигі» емес, болашағы да «тупикте», яғни да