Қабылданып жатқан шаралар мен түсіндіру жұмыстарына қарамастан, бұзушылықтың көбеюі жалғасуда. Көбіне, дүкендер, дәріханалар мен басқа да ұйымдар жабылғанғаннан кейін, кешкі уақытта жүрген құқық бұзушылар да кездеседі.
Петропавл қаласының көшелеріндегі автокөлік қозғалысы кешкі мезгілде азайғанымен қозғалыс жалғасуда. Көбінесе, бұл уақытта такси, жеткізу қызметінің жүргізушілері, жұмыста кідіргендер жүреді. Патрульдік полиция қызметкерлері көліктерді тоқтатып, жүргізушілердің құжаттарын тексереді.
Кеше кешкі сағат 10-да тоқтатылған көліктің жүргізушісінде құжаттары дұрыс болғанымен, жолаушыларының ешқайсысында жеке басын куәландыратын құжат, қала бойынша жүріп-тұруға рұқсат беретін қандай да бір анықтама жоқ болып шықты. Түнгі уақытта екі жас жігіттің қонақтан келе жатқаны белгілі болды. Жұмыстан кейін қонаққа барғандарын айтады. Бірақ жұмыс орындарынан берілген анықтама болмаған. Оларға қатысты Төтенше жағдай режімін бұзған деген айыппен әкімшілік материалдар жиналды.
«Карантин кезінде көршілерге, таныстарға, туыстарға және әріптестерге баруға тыйым салынады. Фактілерден көрініп отырғандай, кейбір азаматтар кешкі уақытта такси қызметін пайдаланып, бұл талапты елемейді», - дейді қалалық жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары полиция подполковнигі Айдын Ақмағамбетов.
ПЕТРОПАВЛ