Коронавирус • 16 Сәуір, 2020

Әлемдегі ахуалға шолу: Жапонияда төтенше жағдай режимі толықтай енгізіледі

363 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл топтамада әлемнің 185 елінде тараған COVID-19 вирусына қатысты соңғы жаңалықтарды жариялап отырамыз.

16 сәуірде Johns Hopkins University (JHU) ұсынған мәлімет бойынша вирус жұқтырғандар саны - 2 063 161, өлім саны - 136 938, айыққандар саны - 512 032 адам болды (жаңартылған уақыты 09:35).

15:10

Жапонияда төтенше жағдай режимі толықтай енгізіледі

Коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдар санының артуына байланысты бұл елде төтенше жағдай режимі енгізіледі. Кеше COVID-19-ды жұқтырған 741 адам анықталды.

Бұған дейін Токио, Осака және басқа бес префектурада төтенше жағдай жарияланған еді.

Ел билігі Жапонияда шектеу шараларын біразға дейін енгізбегені үшін сынға да ұшыраған.


14:28

Ангела Меркель Германияда карантин режимін жеңілдету туралы хабарлады

Германия канцлері Ангела Меркель федералды аймақтар басшыларымен кездесуде пандемияға байланысты енгізілген карантиндік шектеу шараларын біртіндеп жеңілдету керек екенін айтты.

20 сәуірден бастап әлеуметтік қашықтықтың барлық шараларын сақтай отырып, ауданы 800 шаршы метрге дейінгі дүкендер жұмыс істей бастайды. Сонымен қатар, кітап дүкендері, көлік пен велосипед сататын дүкендер жұмысын қайта бастайды. Егер сәуір айының соңына дейін эпидемиологиялық жағдай тұрақтаса, онда 4 мамырдан бастап шаштараздар мен мектептер де ашылады.

Мейрамханалар, қонақ үйлер, фитнес-клубтар мен кинотеатрлар әзірге ашылмайды. Бұқаралық шаралар өткізуге де рұқсат берілмейді.

Германия канцлері елдің толыққанды қалыпты өмірге тек бірнеше апта немесе айдан кейін оралатынын баса айтты.

Жалпы Германия Еуропа елдерінің ішінде вируспен күресте жақсы көрсеткіштерге жеткен. Елдегі вирус жұқтырғандардың жартысы айыққан, өлім саны да өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

е


10:49

Өзбекстанда вирус жұқтырғандар саны 1 302-ге жетті

Өзбекстанда 1 302 адамның вирус жұқтырғаны анықталды. 14 сәуірде COVID-19-ды 167 адамның, кеше тағы 27 тұрғынның жұқтырғаны белгілі болды. Өзбекстанда коронавирустан 107 адам жазылып шықты, ал 4 науқас қайтыс болды.


09:35

Коронавирус жұқтырғандар саны 2 млн-нан асты

Дүниежүзінде 2 063 161 адам коронавирус жұқтырды.

136 938 адам қайтыс болды.

512 032 науқас құлан-таза айықты.

АҚШ-та 638 111 жағдай тіркелді, 52 640 адам сауығып шықты, 30 844 адам қайтыс болды.

Испанияда 180 659 жағдай тіркелді, 70 853 адам сауығып шықты, 18 812 адам қайтыс болды.

Италияда 165 155 жағдай тіркелді, 38 092 адам сауығып шықты, 21 645 адам қайтыс болды.

Германияда 134 753 жағдай тіркелді, 72 600 адам сауығып шықты, 3 804 адам қайтыс болды.

Францияда 134 582 жағдай тіркелді, 31 470 адам сауығып шықты, 17 188 адам қайтыс болды.

c


Данияда мектептер қайта ашыла бастады

Кешеден бастап Дания Еуропада алғашқылардың бірі болып 11 жасқа дейінгі балаларға арналған оқу орындарын қайта аша бастады. 

20 сәуірге дейін елдегі барлық мектеп ашылады. Балалар маска тағып отқан жоқ, бірақ жиі қол жуып, ара қашықтық сақтап отыруға мәжбүр. Осы мақсатта сыныптар 2-3 топқа бөлініп оқуды бастаған. 

Еуропаның бірқатар елі осы аптада шектеу шараларын бәсеңдетіп, шағын дүкендер мен кейбір өндірісті қайта ашуды қарастырып жатыр.


Трамп ДДСҰ ұйымын қаржыландыруды тоқтатады

АҚШ Президенті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пандемиямен күрестегі қызметін сынға алып, АҚШ ұйымды қаржыландыруды тоқтататынын мәлімдеді. 

Ол Президент әкімшілігіне ұйымның коронавирустың таралуында атқарған қызметін саралау кезінде ақша бөлмеуді тапсырды.

АҚШ - ұйымның ең ірі қолдаушысы, жылдық бюджетінің 15 пайызын, яғни 400 миллион доллар көлемінде қаражат аударады.