Қоғам • 16 Сәуір, 2020

Курсанттардың батырлық әрекеті

218 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Төтенше жағдай режімін және карантиндік шараларды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындау кезінде әскери қызметшілер батылдық пен өжеттілік, тапқырлық пен қарапайым адамгершілік қажет болатын əртүрлі оқыс жағдайларға тап болады.

Курсанттардың батырлық әрекеті

Мұндай жағдайға жақында Алматы қаласында патрульдеуге қатысатын Радиоэлектроника және байланыс əскери-инженерлік институтының курсанттары тап болды. Олар Төле би-Саин көшесінен гранатасы бар ер адамды ұстады.

Курсанттардың айтуынша, оларға екі белгісіз ер адамды көрсетіп, олардың қолында жарылғыш қол гранатасы бар екенін айтқан жігіт жүгінген. Әскери қызметшілер аталған адамдарды құрықтауға тырысқанымен, олар жүгіріп кеткен. Соның салдарынан белгісіз біреулер қолға түскен.

«Олардың бірінің қалтасында зат болды. Кенеттен ол əлгі затты алып, жерге лақтырды. Мен гранатаның корпусын байқадым», – дейді курсанттардың бірі Ерсұлтан Болат.

Сонымен қатар оқиға орнында ұсталғандар полицияға тапсырылып, граната алынып, сараптамаға жіберілді. Кейін анықталғандай, олардың біреуі бұрын ұрлық және тонау əрекеттері үшін сотты болған. Жарылғыш зат қайдан алынып, сондай-ақ пайдалануға не үшін жоспарланғанын құқық қорғау органдары анықтайды.

Құрлық әскерлері əскери институтының 4-курс курсанты Мейрамбек Найсекенов Алматы қаласы мен облыс шекарасындағы көпірден өзенге секіріп, өзіне қол жұмсамақ болған әйелді құтқарды. Қараңғыда көпірдің артында тұрған әйелдің бейнесін көрген Мейрамбек оған көмекке жүгірген. Ол бірден қолына ұстап алып, оны көпірдің сүйенішінен алып, қауіпсіз жерге алып барған.

Болған оқиға туралы әскери қызметші рация бойынша блок-бекет басшылығына баяндап, полиция келгенге дейін әйелге психологиялық қолдау көрсетуге тырысқан. Белгілі болғандай, ол өзінің жігітімен айырылысуына байланысты осындай қадамға барған. Құқық қорғау органдарының өкілдері курсанттың батыл әрекеттерінің арқасында әйел тірі қалғанын атап өтті. Мейрамбекке осы əрекеті үшін алғыс жарияланды.

Ақтөбеде Әуе қорғанысы күштері əскери институтының курсанттары Роман Өтесейітов пен Диас Шаменов те өз батылдықтарын көрсете білді. Әскери полиция жасағының әскери қызметшілерімен бірге патрульдеуге қатыса отырып, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған ер адамды ұстады. Аталмыш оқиға Бейбітшілік даңғылында орын алды. Ұсталған азамат суық қаруда болғандығы анықталды.

Айта кету керек, əскери оқу орындарының жоғары курс курсанттары патрульдеуге қатысады. Болашақ офицерлер тәжірибелі әскери әріптестермен және құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесе қойылған міндеттерді орындайды және осындай қиын жағдайларда да азаматтықтарын танытады.