Аймақтар • 16 Сәуір, 2020

Әулиеаталық өндіріс орындарының әлеуеті қандай?

286 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде Жамбыл облысында орналасқан өндіріс орындарының жұмысын ілгерілету, кәсіпкерлерді қолдау мәселелері қолға алынуда. Осы орайда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Jardem-109» мониторинг және жедел әрекет ету ақпараттық орталығында болып, «Тараз былғары аяқкиім» ЖШС фабрикасында, «Та-Мак» ЖШС-іне және «БМ» өндірістік кәсіпорнына барды.

Әулиеаталық өндіріс орындарының әлеуеті қандай?

Тараз қаласы әкімдігінің 109 бірыңғай диспетчерлік қызметі облыс орталығының тыныс-тіршілігіне қатысты әртүрлі мәселелер бойынша азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету мақсатында құрылған. Алайда бұл қызмет бүгінде өз міндетін толықтай атқарып отырған жоқ. Осыған байланысты 109 қызметін облыс әкімі аппаратының қарамағына беру және оның базасында бүкіл облысты қамтитын Бірыңғай байланыс орталығын құру мәселесі өз шешімін табады. «Бұл орталықта облыстағы жұмыстардың ахуалы туралы барлық ақпарат шоғырлануы тиіс. Осы ретте қазіргі уақыттағы коронавирустық инфекцияға қарсы әрекет ету бойынша толық ақпараттық база құру қажет. Сондай-ақ мұнда барлық әлеуметтік төлемдер, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру және жергілікті атқарушы органдар қызметінің басқа да салалары бойынша база қалыптастырылады. Орталық қызметкерлері азаматтардың келіп түскен өтініштеріне жедел назар аударып және олар тарапынан туындаған мәселелерді шешу жолдарын қарастыруға міндетті», деді Бердібек Сапарбаев.

Бұдан соң ол «Тараз былғары аяқкиім» ЖШС-не барды. Бір кездері бұл кәсіпорынның өнімі тек Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де танымал болатын. Алайда, кейінгі уақытта зауыт үлкен қиындықтарды бастан өткерді. Бүгінде мұнда әскери қызметшілер мен жұмысшыларға арналған бәтеңкелер дайындалады. Бірақ зауыт қарыздары жыл санап өсуде. Кәсіпорын басшылығына тұтынушылардың сұранысына сай тауарлардың жаңа түрлерін шығару мүмкіндігін қарастыру керектігі ұсынылды. Ал, «Та-Мак» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Арзу» макарон фабрикасында жұмыс қызу жүруде. Оның жайма, кеспе, лағман өнімдері Қазақстан аумағында жоғары сұранысқа ие. Тұтынушыларды өнімнің сапасы мен оның түпнұсқа орамасы қызықтырады. Аталған кәсіпорын директоры Гүлмира Конкашеваның айтуынша, алдағы уақытта кәсіпорынның жаңа өндірістік желісін іске қосу жоспарланып отыр екен. Ол бойынша италиялық кәсіпкерлермен ортақ келісім де жасалған. Бердібек Сапарбаев кәсіпорын басшылығына рожки, вермишель секілді жаңа өнім түрлерін шығаруды ұсынды. Мұндай өнімдер өңірдегі сауда желісіне еліміздің басқа аймақтарынан және шетелдерден жеткізілетінін атап өтті. Сондай-ақ Жамбыл ауданының Жалпақтөбе ауылында орналасқан «БМ» өндірістік кәсіпорнында да жұмыстардың ілгерілеуі байқалуда. Аталған ЖШС бас директоры Сұлтан Махмадовтың айтуынша, бүгінде зауыт құрама жем өндіруге маманданған. Ал жуырда коронавирустың таралуына байланысты мұнда антисептиктер шығарылады. Бердібек Сапарбаев кәсіпорын қызметін оң бағалап, оның дамуына барынша қолдау көрсетуге уәде берді.

 

Жамбыл облысы