Қазақстанда мұнай өңдеуді төрт кәсіпорын жүзеге асырады: «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС (Шымкент МӨЗ-і), сондай-ақ «CASPI BITUM» БК» ЖШС битум зауыты.
2020 жылғы сәуір айында мұнай өнімдерінің негізгі түрлеріне сұраныс айтарлықтай төмендеді: автобензин мен дизель отынына – 40%-ға, ал авиациялық отынға – 70%-ға. Бұл мұнай өңдеу зауыттарына мұнай жеткізушілерінен келіп түсетін өтінімдер динамикасына жасалған талдаудың нәтижесімен расталып отыр.
Қоймаларда мұнай өнімдерінің шамадан тыс жиналып қалуын болдырмау үшін Атырау, Павлодар және Шымкент МӨЗ-дерінде мұнай өңдеу мен мұнай өнімдерін шығару көлемдері ең төмен деңгейге дейін азайтылды. Зауыттар өз қызметін жалғастыруда. Сақтық шаралары күшейтілді. Коронавирустық инфекцияның (COVID-19) пандемиясына байланысты наурыздың 15-нен бастап зауыттарда барлық жағдайды басқаратын штабтар жұмыс істеуде. Олар өз қызметін ұлттық компанияның орталық штабымен күн сайын үйлестіріп отырады.
Індеттің алдын алу бойынша арнайы шаралар қабылданды: әкімшілік және өндірістік нысандарда санитарлық-дезинфекциялық және бақылау-өткізу тәртіптері күшейтілді; кәсіпорындарда әкімшілік қызметкерлердің 70%-ы қашықтықтан жұмыс жасау тәсіліне көшірілді; зауыт қызметкерлеріне құрылымдық бөлімшелер арасында жүріп-тұруға шектеу қойылды; қызметкерлердің денсаулығын қадағалау бойынша күнделікті мониторинг жүргізіледі; үй-жайлар мен ғимараттарда, көлік құралдарына және зауыттарға тиесілі аймақтарда тазалық жұмыстары үнемі жүргізіліп тұрады.
«ҚазМұнайГаз» зауыттарды кемінде 2 айға жететіндей мөлшерде сумен, азық- түлікпен, бірінші кезектегі аса қажет тауарлармен, жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуде. Барлық жұмысшыларға жеке қорғаныс құралдары – медициналық маска, нитрил қолғаптары, бактерияға қарсы құралдар таратылды.