Аймақтар • 16 Сәуір, 2020

Жамбыл облысының бюджет кірісіндегі көрсеткіштер ойдағыдай емес

378 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте аймақтың ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары сараланды. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың карантин жағдайындағы іс-әрекеттері және халықпен кері байланыс орнатуға қатысты мәселелері талқыланды.

Жамбыл облысының бюджет кірісіндегі көрсеткіштер ойдағыдай емес

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, ағымдағы жылдың үш айында облыс бойынша 114,7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өнеркәсіптегі өнім көлемінің индексі 97,9 пайызды құраған. Алайда, экономикалық көрсеткіштердің төмендеуіне «Қазфосфат» ЖШС зауытындағы пештің және Тараз бен Меркі қант зауыттары жұмыстарының тоқтауы әсер еткен.

Бюджет кірісіндегі көрсеткіштер де ойдағыдай емес. Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының хабарламасында көрсетілгендей, жергілікті бюджеттің шығындары 3,195 миллиард теңгені құрайды.

Бірақ, Бердібек Сапарбаев карантиннің ерте ме, кеш пе аяқталатынын, өмір ағымы өз арнасына түсетінін, сондықтан да бүгінгі жағдайды тиімді пайдаланып, көрсеткіштерді қалпына келтіруге тырысу керектігін айтты.

«Ең алдымен, жергілікті жерлердегі ахуалдың нақты көрінісіне мұқият талдау жасап алу маңызды. Бүгін не істеу керекпіз, ертең не істей аламыз? Шағын кәсіп пен халықты қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға айрықша назар аудару қажет. Бұл мақсатқа Үкімет тарапынан ауқымды қаражат қарастырылуда. Оны ұтымды ұқсата білейік. Бұл орайдағы жобалар өңір экономикасына жұмыс жасап, тұрғындардың табысын арттыруға ықпал етуі тиіс», деді әкім.

Сонымен қатар облыс әкімі өз орынбасарлары мен басқарма басшыларын «Еврохим», «Амангелді мұнай өңдеу зауыты» сияқты ірі кәсіпорындармен жүйелі жұмыс жүргізуге шақырды. Өңірдің кейбір орта және шағын кәсіпорындарының тоқтап тұруына қатысты өзекті мәселелердің оңынан шешілуіне де қол жеткізу қажеттігі айтылды. Өз кезегінде кәсіпорын басшылары жұмысшыларына қамқорлық жасауы тиістігі де сөз болды. Жалақыны арттыру мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр. Сондай-ақ, инвестиция тарту жөніндегі жұмыстарды жандандыра түсу керек.

Бердібек Сапарбаев облыста балалар және спорт алаңдарын салу үшін «Самұрық-Қазына» қорынан қаржы бөлінгенін де атап өтті. Олардың құрылысы Тараз қаласының «Қаратау» шағынауданында, сондай-ақ, Байзақ ауданының Сарыкемер және Қордай ауданының Масаншы ауылдарында жүргізіледі. Жиын барысында Бердібек Сапарбаев жауапты тұлғаларға карантиндік тәртіптің талаптары мен шарттарының қатаң сақталуын қамтамасыз ету қажеттігін ескертті. Сонымен қатар ол жауапты тұлғалардың назарын коронавирустық инфекциямен күресте алдыңғы шептегі медицина қызметкерлері, полиция және басқа да мамандар үшін тиісті жағдайлар жасау керектігіне аударды.