Биыл Ақсу ауданы бойынша 61017 гектарға ауыл шаруашылық дақылдарын себу жоспарланған болатын. Қазір диқандар күздік бидай, жаздық бидай, жаздық арпа егілетін алқаптардағы жұмысты қыздырып, іс басында жүр. Бұйырса, 3167 гектар жерге даңқты дақыл – қант қызылшасының тұқымын себу бірер күнде басталмақ. Шаруалар тәтті түбірді себуге күн райын ғана бағып, сақадай сай дайын отыр.
Жалпы, еліміздегі төтенше жағдай талабы мен Алматы облысы аумағында жарияланған карантин шектеуі де көктемгі дала жұмыстарының уақтында басталуына кедергі келтірген жоқ. Шаруаларға мемлекет тарапынан арзандатылған тұқым мен жанар-жағар май дер кезінде жеткізілді. Мысалға, Ақсу ауданындадағы шаруа қожалықтарына дизль отынының әр литрі 165 теңгеден әкелінген. Қырдағы жұмысқа қол байлау болмауы үшін аудан орталығындағы ауыл шаруашылығы техникаларының құрал-саймандарын сататын дүкендер де жұмысын жалғастыруда. Қысқасы, егіс науқанының тоқтап қалмауына барлық жағдай жасалуда.
Қазір аудан бойынша 528 дана ауыл шаруашылығы техникалары техникалық тексеруден өтіп, егіс алқаптарындағы жұмыстарға кірісті, 14-дана қант қызылшасының сепкіштері жұмысқа дайын. Ауданда қант қызылшасын себумен айналысатын 6-сервистік дайындау орталықтары жұмыс істейді, оның сыртында 4 ірі шаруа қожалықтарында қант қызылшасын себуге арналған техникалармен толық қамтылған.