«Қонақ аз отырып, көп сынайды», деп ой түйіпті халқымыз. Жер көресің, ел көресің, көрген-баққаныңды зердеңе тоқып, ой таразысына салып, бағамдап, салыстыра отырып, саралап кеткеніңді байқамай қалады екенсің. «Оу, мына түркімендер өздерін сыйлата білетін халық екен», дейді әріптесім Нұртөре Жүсіп. Рас айтады.

«Қонақ аз отырып, көп сынайды», деп ой түйіпті халқымыз. Жер көресің, ел көресің, көрген-баққаныңды зердеңе тоқып, ой таразысына салып, бағамдап, салыстыра отырып, саралап кеткеніңді байқамай қалады екенсің. «Оу, мына түркімендер өздерін сыйлата білетін халық екен», дейді әріптесім Нұртөре Жүсіп. Рас айтады.
Әуежайдан түскенде: «Бұл елде мейрамхана атаулы тек 23.30-ға дейін ғана ашық, барсаңыздар сол уақыттан кешікпеңіздер, көшеде темекі тартуға болмайды, базарды фото-бейне таспаларға түсіруге, көшедегі адамдарды тоқтатып, сұхбат алуға рұқсат етілмейді, түркімен кілемдерін әкетемін десеңіздер, оны арнайы ресімдеулеріңіз қажет, әйтпесе, елден шығарылмайды, жұмсаған қаражаттарыңыз далаға кетеді, дегендей бірсыпыра шектеулер бар екенін елшілік қызметкері, жолбастаушымыз Ержан Мұстафин ескертіп айтқан. Санасуға тура келеді...
Түркіменстан ашылып-шашылып жатқан жоқ. Біртоға, өзімен өзі тұйықталып, ұлттық құндылықтары – ахалтеке жылқысын, көнеден бүгінгі күнге дейін үзілмей келе жатқан кілем тоқуын, зергерлік бұйымдарын қастерлеп, оны тек музейлерге қойып қоймай, өздері қасиеттеп ұстап, кәделеріне барлығын бірдей жаратып жатқан ел. Сол тұйықтығынан болар, Ашғабадқа барғанда алдымыздан Интернетке кіру проблемасы шықты. Көптеген әлеуметтік желілер мүлдем ашылмайды, өзге елдерге жол түскенде редакцияға жіберген материалың «зу» етіп, лезде түсе қалса, мұнда қонақүйлердің өзінен ғаламторға шығу оңай емес. Меймандарды тіркейтін лоббиге келіп, сол жерден жібермесең, нөмірлерде байланыс жоқ. Сірә, аз ұлт болған соң (халқы 5,5 млн. шамасы) сырттан келетін әсерді азайту, ұлттық болмысты сақтау тұрғысынан ақтайтын шығар дегеніңізбен, Интернет мүмкіндігін шектеп пайдалану ақылға сыя бермейді.
Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмидің Түркіменстанға ресми сапары алғаш рет болғандықтан болар, бағдарламада ресми кездесулермен қатар, елмен жете танысуға мүмкіндік беретін бірнеше тарихи, мәдени орындарды аралау белгіленген көрінеді. Соның бірі – Түркімен кілемінің музейі.
Жалпы Ашғабад – әсем қала. Ақ мәрмәр тастан қаланған жаңа Ашғабадтың ажары көз тартады. Жақында Ашғабад мәрмәр тас ең көп жұмсалған қала ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді. Оған қоса, әрбір ғимараттың сәулетіндегі ұлттық реңк, ұлттық келбет ажырайып көрінбегенімен, әсем үйлесіп, өзіңнің қай елдің қаласында жүргеніңді бірден сезіндіреді.
Музей де осындай еңселі, сыртқы сәулетімен де ерекше құндылықты қастерлеген орын екендігін білдіретін ақ мәрмәр сарай екен. Ашғабадта ұлттық киім киген қыздарды көру таңсық емес, көшеде кәрі-жасы бірдей ұлттық киімдерін тастамайды. Тіпті мектеп оқушылары, жоо студенттеріне дейін. Музейге кіре берісте жүздеріне ұяң күлкі ұялаған, сәмбіталдай иілген керім қыздар біздің бауырсаққа ұқсас нанымен қарсы алды. Ал кілемдері керемет, таныстырып жүрген гид қыз да кілемдердің әрбір айшығына, гүліне, бояуына мән бере, жеріне жеткізе айтып жүр. Жүзінен өзінің осы ұлттың өкілі екендігіне, ғасырлардан жеткен асыл өнердің құрып кетпей, қайта бүгінде өрлеп-өсуіне деген ризашылығы білінген гөзәл қыз түркімен өмірінің кілеммен тығыз байланыстылығын айтады.
Бала дүниеге келген сәтте оған арнап кілем тоқылады, оның алғашқы қадамы да кілем үстінде, тіпті бақиға аттанғанда да кілемге оралады деген ол түркімен кілемінің 300 жылға дейін пайдаланылатынын мақтанышпен назарға салады. Түркімен кілемі тек таза, жіңішке етіп иірілген жүннен тоқылады, бір шаршы метріне 1 млн. жіп түйінделіп, кілемшілер бір күнде 3 см ғана тоқылады. Түркімен кілемі Қайта өрлеу заманындағы италиялық суретшілердің картинасында да безендірілген. «Мадонна әулие Иоанн шоқындырушымен және Донатуспен бірге» атты картинада Леонарда да Винчидің ұстазы Андреа дель Верроккьоның шығармаларынан кездестіресіз, деген қыз әлемдегі ең алып кілемнің де түркімен жерінде тоқылғанын көлденең тартады. Ол кілемде рді көз көрді. Алып сарайдың үлкен үш қабырғасына тұтастай ілінген үш кілемнің әрқайсысын 50 шақты қыз-келіншек көз майын тауысып 8 ай бойына тоқыпты.
– Түркімен кілемі тұтас елдің тарихынан ғана емес, жеке бір отбасының да тарихынан сыр шертеді. Мына кілемді 19-ғасырда қажылыққа барған әкесі айтқан әңгімені естіген сол кісінің қыздары тоқыған. Кілемге қарап отырып, қажының қандай көлікке мінгені, жүрген жерлерінің бедері қандай болғаны, өзен-көл, шөлмен өткені, аяғында Меккеге қалай жеткені суреттелген,– деген қыздың айтқаны әсем ертегідей естіледі.
Жалпы, Түркіменстанның әр өлкесіне тән кілем өрнектері мен тоқу мәдениеті болған, олар күні бүгінге дейін сақталып келеді. Түркімен кілемі ахалтеке жылқысы тәрізді біздің ұлттық брендіміз, деген оның кілем жайында білетіні ұшан-теңіз көрінді. Соның барлығын мақтаныш сезіммен, ұлттық құндылықты қадірлей білген көңілмен айтқанда: «Шіркін, біздің ұлттық аспаптарымызға арнап осындай музей салса, оларды археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған үлгілерімен қоса, бүгінгісін қосып, қазақ музыка өнерінің тамаша бір көрнекі орнын жасасақ, сырттан келген меймандарға ұлтымызды танытудың тамаша үлгісі болар еді ғой», деп армандап кеткенімізді несін жасырайық. Ойланып барып қолға алсақ, бізде де ұлттық ерекшелікті көрсететін өнер табылар еді-ау. Тіпті ою-өрнек, зергерлік бұйымдарымыздың өзі неге тұрады. Сақ заманынан бүгінге үзілмей жеткен аң-өсімдік стилінің бүгінгі тынысының өзі көп сырды аңғартпас па еді?!
Туыс жұрттың енді бір қастерлісі – зергерлік бұйымдар екен. Өрнектері сан түрлі келетін тағымдар тағылымы да мол-ақ. «Біздің түркімен зергерлері шәкірттерін 5 жыл оқытқан. Сол кезеңде оған қажет заттың бәрін өзі тауып беріп отырған. Және әрбір ұстаз үшін шәкіртінің өзінен озуы айрықша мақсат етіп қойылған. Себебі, өнер өрістеп, ұлғайып отырмаса, ұлттық зергерлік өшіп қалады деген оймен, өз білгенімен толық бөлісіп, шәкіртінің қиялына тыйым салмай, қайта оның ізденісін құптап отырған. Бір қыздың тағымы 20 келіге дейін барған, ал әшекей бұйымдар жас ұлғайған сайын азайып отырған», дейді ұлттық қазынаны сатып тұрған сатушының өзі.
Журналистік қызығушылығымыз оянып, түркімен зергерлері деген кітапшаны сатып алдым. Көне Мерв қаласында 1400 зергер өмір сүрген. Сол зергерлер өздеріне арналған орынға жиналып, жасаған бұйымдарын ортаға салып, зергерлердің қазылығына салатын болыпты. Тек осы таразыдан өтіп, «көркемдік кеңестен» жақсы бағасын алған бұйым ғана сатуға рұқсат алады екен. Міне, ұлттық өнерге деген жанашырлықтың үлгісі түркімендерге сонау замандарда-ақ ана сүтімен берілсе керек.
Түркімендер Каспий жағасын жайқалтып қойыпты. Біздің еліміздің шекарасына тиіп жатқан Түркіменбашы қаласының сыртына «Аваза» атты ұлттық туристік орталық салыпты. Анталья жағалауындағы түрік отельдерінен еш айырмасы жоқ, субтропикалық өсімдіктердің түр-түрін әкеліп қойған Аваза маңы ертегідегідей. Көкке шаншылған сәулетті мейманханалардың іші-сырты бір-бірімен керемет үйлесім тапқаны көз тойдырады. Автотұрақтардың өзін әдемі етіп ойластырған бұл орталыққа Қазақстанның батыс аймағындағы Атырау, Ақтау қалаларының тұрғындары да келіп демала алады екен. Ал қалған қазақстандықтар үшін тәртіп басқа, виза алмасаңыз, «Аваза» есігі жабық.
Туыстас түркімен жұртымен қоштасып, елге қарай бет түзегенімізде, ұлттық рухын биікке көтере ұстаған бауырларға құрметіміздің арта түскенін аңғардық.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».