Пәкстанның президенті Асиф Али Зардари президенттік қызметтен кетті. Мұнда мәселе, Зардаридің алғашқы президенттік мерзімінің аяқталуына байланысты өз еркімен отставкаға кетуі ел тарихында тұңғыш рет болып отырғандығында жатыр.
ЗАРДАРИ ӨЗ ЕРКІМЕН ОТСТАВКАҒА КЕТТІ
Пәкстанның президенті Асиф Али Зардари президенттік қызметтен кетті. Мұнда мәселе, Зардаридің алғашқы президенттік мерзімінің аяқталуына байланысты өз еркімен отставкаға кетуі ел тарихында тұңғыш рет болып отырғандығында жатыр.
«Ассошейтед пресс» агенттігінің хабарлауынша, Асиф Али Зардари 2008 жылы Пәкстан халық партиясы билікке келгеннен кейін президенттікке сайланған. Ол – осы партияның бұрынғы басшысы, екі мәрте елдің премьер-министрі қызметін атқарған Беназир Бхуттоның күйеуі. Ал Зардаридің мұрагері Мамнун Хусейн болды. Жаңа президентті ұлықтау кеше, 9 қыркүйекте өтті. Хусейн «Мұсылман лигасы» партиясының өкілі, сондай-ақ ол ірі кәсіпкер ретінде танымал. Әсілі, бұл елде президент бес жылдан екі мерзімге ғана сайлана алады.
КЕМЕНІ ДЕ, ЕСІРТКІНІ ДЕ ӨРТЕП ЖІБЕРДІ
Жерорта теңізінде Египеттің және Сирияның теңізшілері өздері мінген кемені, сондай-ақ жасырын алып бара жатқан 30 тонна гашишті өртеп жіберген. Бұл жөнінде «Франс-пресс» агенттігі хабарлады.
Оқиға италиялық полицейлер есірткі тасымалдаушылардың ізіне түсіп, оларды тұтқындауға әрекет жасаған кезде болған. Полицейлерден қашып құтылмасын білген теңізшілер 85 метрлік жүк кемесін өртеп, өздері суға секірген көрінеді. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері оларды құтқарып алған және тұтқындаған. Арнайы операцияға италиялық полицейлермен бірге, Мальтаның құқық қорғау органдарының қызметкерлері де қатысқан.
САЙЛАУДА СЕРГЕЙ СОБЯНИН ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ
Мәскеу қаласының сайлау комиссиясы Мәскеу мэрі сайлауында берілген дауыстардың барлығын санап, оның нәтижесін жария етті. Сайлау комиссиясының мәліметтері бойынша, сайлаудың бірінші турында 51,37 пайыз дауыс жинаған Мәскеу мэрінің міндетін атқарушы Сергей Собянин жеңіске жеткен.
Екінші орынды оппозициялық саясаткер Алексей Навальный алыпты. Оған сайлаушылардың 27,24 пайызы дауыс берген екен. Ал коммунистерден ұсынылған кандидат Иван Мельников 10,69 пайыз, «Яблоко» партиясының өкілі Сергей Митрохин 3,51 пайыз, ЛДПР-лық Михаил Дегтярев 2,86 пайыз дауысқа ие болған. Сайлаушылардың сайлау учаскелеріне келіп, дауыс беруі 32,07 пайызды құраған.
Қысқа қайырып айтқанда:
● Сухумиде Ресейдің Абхазиядағы елшілігі консульдық бөлімінің бірінші хатшысы Дмитрий Вишерневті атып кетті. Оқиға кеше Мәскеу уақыты бойынша сағат 08.30-да болған.
● Сирия президенті Башар Асад Ресей президенті Владимир Путинге Санкт-Петербургтегі саммитке дейін және саммиттен кейін Сирия жөніндегі көзқарасы үшін алғыс айтты.
● Кабардин-Балкар үкіметінің басшысы Руслан Хасанов отставкаға жіберілді. Үкімет басшысының міндетін атқару бірінші орынбасар Ирина Марьяшқа жүктелді.
● Ұлыбританияның п ремьер-министрі Дэвид Кэмерон құжаттар салынған кейсін пойыз үстелінде ұмытып кетіпті. Ол Йоркке үйлену тойына бара жатса керек.
ЖАЗҒЫ ОЛИМПИАДА ТОКИОДА ӨТЕДІ
Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) 2020 жылғы жазғы Олимпиа ойындары өтетін қала ретінде Жапонияның астанасы – Токионы таңдады. Сенбі күні Буэнос-Айресте өткен ХОК жиынында Токио қаласы – 60, Ыстамбұл – 36 дауысқа ие болды.
2020 жылғы жазғы Олимпиаданы өткізуге Токио және Ыстамбұлмен қатар, Мадрид қаласы да өтініш берген болатын. Дауыс берудің алғашқы айналымында Испания астанасы бұл бәсекеден шығып қалған еді. Осылайша, Токио қаласы 2011 жылы жер сілкінісі салдарына байланысты апатты жағдайға ұшыраған «Фукусима» атом электр стансасындағы радиация қаупіне қарамастан таңдалды. Айта кетейік, Токиода олимпиада осымен екінші рет өткелі отыр.
ДЕЛЕГАЦИЯ САПАРЫН КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫРДЫ
Тоғызыншы қыркүйекке жоспарланған АҚШ делегациясының Әзербайжанға жоспарланған сапары кейінге қалдырылды. Бұған АҚШ-тың Бакудегі елшілігі: «Әзербайжан үкіметі сапарды президенттік сайлау аяқталғанға дейін кейінге қалдыруды жөн көріп отыр. Өкінішке қарай, енді біз бұл елдің сайлауалды үдерістерімен таныса алмайтын болдық», – деп өкініш білдіріпті.
Ақпараттарға қарағанда, Әзербайжанға АҚШ мемлекеттік хатшысының демократия және адам құқықтары жөніндегі көмекшісі Томас Мели бастаған делегация сапармен келуі тиіс екен. Америкалық делегация алдымен Тбилисиде оппозиция және азаматтық қоғам өкілдерімен кездесіп, содан кейін Бакуде осындай кездесу өткізуді жоспарлаған көрінеді. Әзербайжанда президенттік сайлау осы жылдың 9 қазанында өтпек.
КОНФЕССИЯАРАЛЫҚ ҚАҚТЫҒЫСТЫҢ САЛДАРЫ
Үндістан билігі Уттар Прадеш штатының Музаффарнагар округі аумағына әскер кіргізді. Бұған конфессияаралық қақтығыс салдарынан 28 адамның ажал құшуы себеп болып отыр.
Округ аумағына 800-ге жуық әскер кіргізілген. Тәртіпсіздікке айдап салған деген күдікпен 100-ден астам адам тұтқынға алынған. Қақтығыс 7 қыркүйекте үндістер мен мұсылмандар арасында басталған көрінеді. Дәл сол күні жергілікті үндіс фермерлер жиналып, 27 тамызда өлтірілген үш ер адамның өлімінің себептерін талқылапты. Бұл үшеуі мұсылмандар балағаттаған қызға ара түскен екен. Фермерлер тарқай салысымен, оларға мұсылмандар лап қойса керек.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.