Ескендір Хасанғалиевтің ән кешінен кейінгі ой
Ескендір Хасанғалиев! Бұл есім қазақтың ән өнерінде айшықты әріптермен жазылып қалғанын екінің бірі біледі десек, асыра айтқандық емес. Есағаңды дүйім елге әйгілеген – Тәңір берген табиғи таланты: домбыраның қос шегіндей керемет үйлесім тапқан әншілігі мен композиторлығы. Мұндай дарын екінің біріне қона бермейтін бақыт. Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты секілді атақ-марапаттар оны өзі іздеп тапты. Көпшіліктің жүрегінен орын алған әндері бүтін бір ұрпақты, тұтас үш буынды елдікке, ерлікке тәрбиелеп, ұлттық рухты асқақтата беретіні әмбеге аян. Әндердегі отаншылдық сыршыл сезім, көтеріңгі леп, кең тыныс, үйлесімді ырғақ қоңыр үнмен астасып, қазақтың кең жазиралы даласын, шалқар көлін, бетегелі белін көзге елестетіп, тыңдаушысын ерекше ынтықтырып отырады. Осындай хас талант иесімен жүздесуге қызылжарлық өнерсүйер қауым үнемі ынтық болып жүретін. Соның сәті түсті. Жарты ғасыр бойы өнер өлкесінде жүзіп, өзіндік айшықты қолтаңба, өшпес із қалдыра білген әншіні, танымал композиторды Қызылжар өңірінің жұртшылығы гүл шоқтарымен құшақ жая қарсы алды. Н.Погодин атындағы орыс драма театры жиналғандарға лық толды. Әнші өз сөзінде облыс басшылары мен зиялы қауым өкілдерінің “70 жылдық мерейтойға арналған гастрольдік сапарыңызды Мағжандай ұлы ақын туған киелі де қасиетті топырақтан бастағаныңызды қалаймыз” деген ұсынысын ризашылықпен қабыл алғанын, соған орай “Жасай бер, қазақ!” атты ән бағдарламасымен Солтүстік Қазақстан облысына келгенін айта келіп, әнге кезек берді. Алдымен “Туған елім, Қазақстан!” шырқалды. Одан кейін жұртшылық арасына кең таралған “Есіңе ал”, “Асыл арман”, “Айналайын”, “Келші-келші, балашым” әндері орындалып, залға жиналғандар қосылып отырды. “Мына әнімді 40 жыл бұрын жазған едім. Атын айтпаймын. Бәріміз еске түсіріп көрелік. Ал, балам, Біржан, сүйемелдеп жібер”, деп “Арманым, ақ сәулелі гүлімбісің” деп баяу ғана бастауы сол екен, зал іліп ала жөнелді. Ара-арасында әндердің шығу тарихынан сыр шертіп отыруы да әдемі жарасым тапты. “Ғажайып сөз”, “Болмасын соғыс” атты жаңа туындыларын орындады. Ал “Әдемі-ау” шырқалғанда залдағылар әуенге ілесіп, тіпті билеп кетті.
Көптеген халықаралық байқаулардың иегері, тұңғыш Президент қорының лауреаты Біржан Хасанғалиевтің әуелете салған әндері де тамсандырды. Ол сазгерлік өнерімен де айрықша ықылас тудырды. “Мен ғашықпын” әнін көпшілік жылы қабылдады. Әкелі-балалы Хасанғалиевтер “Студенттердің қоштасуын”, “Ескірмеген махаббат” әндерін әуелете шырқады. Есекеңнің шәкірті, соңғы кездері үлкен сахналарда жиі көрініп жүрген Ержан Қабдуллин, С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері Біржан Жалғасбаев, Ақтілек Балқыбекова, Самал Тәшімова салған әндер кеш ажарын аша түсті. Бағдарламалық концерттің соңында “Атамекен” әні орындалғанда тыңдаушылардың елге, жерге деген сүйіспеншілігін тілмен жеткізу қиын.
Ғажап ән кешінен ерекше көңіл-күймен тарасақ та, өнер иесінің бұл сапары бізді түрлі ойларға жетеледі. Облыстың геосаяси жағдайының әрқилылығы, жергілікті тұрғындардың аздығы, тіліміздің төрге өте алмай жетім баланың кейпін кешуі — мұның бәрі орны ойсырап тұрған рухымыздың отын қалай өшіріп алмасақ деген жанашырлық игі тілектің нақты іске асуын қалайды. Бір ғана мысал. Облыста Ресейдің әншілерін шақырту сәнге айналып кетті. Тіпті жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап барады десе де болады. Аты-жөнін ел білмейтін әншісымақтардың желбуаз, даңғырақ әуендері жас буынды талғамсыздық пен талғаусыздыққа ұрындырып, тәлім-тәрбиедегі ұлттық асыл құндылықтардан, адамгершілік, имани қасиеттерден айырып жатқаны жанға аяздай батады. Жуырда “Іңкәр” продюсерлік орталығының шақыруымен Петропавлда “Ласковый май” тобының бұрынғы әншісі Юрий Шатунов концерт қойды. /Бұған дейін кімдер келмеді дейсің./ Билеттің құны студенттердің бір айлық шәкіртақысынан кем еместігіне қарамастан, қазақ жастары қоғадай жапырылып барды. Ал, қазақша ән кештерін тамашалауға ықылассыз, енжар. Неге? Оның бір сыры мынада жатқан секілді. Атап айтқанда, еліміздің күміс көмей, жезтаңдай әншілері көбіне Алматы, Астана маңын, одан қалды оңтүстік жақтарды үйірсектеп, солтүстік аймақтарға келе бермейтіндіктен, қара бастың пайдасын ойлаған бәзбіреулер жоғарыдай шараларды қолға алып, оңай олжаға кенеліп жүр. Өзіміздің өнер дүлдүлдерін “әке-көкелеп” шақыртып келтіре алмайсың. Ал уәде берсе, кейін айнып шыға келетін жайттар кездеспей қоймайды. Оны айтамыз-ау, жаңа ғана танылып келе жатқан әншілердің әрқайсысы – бір-бір жұлдыз. Жақсы бағдарлама ұсынудың орнына алдымен қаламақысын сұрап әбден ығыр қылады, дейді мәдениет саласында жүргендер. Қазақстандық продюсерлік орталықтар қазақтың ұлттық өнерінің көсегесін көгертуді ойлап отырған жоқ. Олардың көкейін тесіп бара жатқаны бас пайда. Ұлтсыздану, ұлттық рухтан айрылу да — батпандап кіріп, мысқалдап шығатын ауру сияқты. Кейін айығу қиынға түседі. Осындай келеңсіз жайттарға қарсы тосқауыл қоюдың, алдын алудың, жас буынды одан алыстатудың амалдары жоқ емес. Солардың оңтайлы бір жолы, белгілі әншілердің аймақтарға гастрольдік сапарларын, өнер қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың кештерін жүйелі ұйымдастыру дер едік. Маңызы зор осынау іске мемлекеттік тұрғыдан мән бермей болмайды. Ауыртпалықтың бәрін жергілікті билік орындарына арта салмай, мәселен, Мәдениет министрлігі тарапынан да қолдау көрсетіліп, шығын қаражаттарын бірлесе көтерудің жолдары ойластырылса абзал болар еді. Өткен жылы Қызылжар өңіріне облыстық әкімдіктің шақыруымен Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева секілді танымал өнер иелері келіп, абыройымызды асқақтатып, жастарымыздың есіне ұмытылмастай әсер қалдырып кетіп еді. Содан кейін осынау жақсы дәстүр саябырсып қалды. Көп жағдайда қаражат жағы қолбайлау. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деп жатқанымыз сондықтан. Әйтпесе, Сегіз Серінің, Біржан салдың, Ақан серінің әндерін көкіректеріне тоқып, көңілдеріне сіңіріп өскен солтүстік өңір қазақтарының ұлттық өнерге деген шөліркеген құмары өзге елдің мәнсіз, жеңіл, әсіреқызыл әуендерімен алмасып жатса, обалы кімге?
Екіншіден, жергілікті жерлерде мәдени, рухани саладағы орталық, бірлестіктер баршылық. Солар жеке-жеке түйе айдағанша сөзі де, ісі де салмақты мәдениет басқармасы топтастыру, ортақ мақсатқа жұмылдыру ісін қолға алса, артық болмас еді. Мәселен, әрісі Сегіз Серінің, Біржан салдың, Ақан серінің, берісі Шәмшінің, Әсеттің, Ескендірдің, тағы басқа айтулы өнер шеберлерінің әндеріне қатысты байқаулар өткізсек, бір жағынан, олардың қымбат мұраларын қалың жұртшылыққа жеткізер едік. Бұрындары аймақтық ақындар айтысы, жыршы-термешілер, дәстүрлі ән додалары ұйымдастырылатын. Бұл жақсы қалып та үзіліп қалды. Бұдан кейін керауыздар “Е, бұл Ресейдің бір провинциясы”...деп айтып жатса, қайсысының аузына қақпақ қоярсың? Қазірдің өзінде облыс орталығы – Петропавл қаласында жарнамалардың, маңдайшадағы жазулардың көпшілігі орыс тілінде. Ресей шаһарынан айырмашылығы шамалы. Егер ұлттық рухымыздың сағы осылай сына берсе, оған кімді кінәларсың?
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, жанымызға жалау, рухымызға алау беретін осындай сәтті сапарлардың үзілмеуін тілер едік.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.