10 Қыркүйек, 2013

Алуан-алуан аң-құс бар өр Алтайда

1350 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ жері мен төрінде құт қонған жерұйық қоныс, жанға жайлы жәннат мекен аз емес. Соның бірі – Өр Алтайдың төрінен, атақты Мұзтаудың етегінен ойып тұрып орын алған Катонқарағай ауданы. Мыңжылдық қарағайы мен самырсыны, балқарағайы жайқалып өскен нулы мекен, қаз қаңқылдап, сансыз құстар сайрап ұшқан осынау бір ғажап жерде бұдан 12 жыл бұрын Үкіметіміздің 970-ші қаулысы бойынша Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылды.

1346070594 katon-karagay

Қазақ жері мен төрінде құт қонған жерұйық қоныс, жанға жайлы жәннат мекен аз емес. Соның бірі – Өр Алтайдың төрінен, атақты Мұзтаудың етегінен ойып тұрып орын алған Катонқарағай ауданы. Мыңжылдық қарағайы мен самырсыны, балқарағайы жайқалып өскен нулы мекен, қаз қаңқылдап, сансыз құстар сайрап ұшқан осынау бір ғажап жерде бұдан 12 жыл бұрын Үкіметіміздің 970-ші қаулысы бойынша Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылды.

Ұлттық парктің мақсаты еліміздің құрып бара жатқан орман байлығын, қызыл кітапқа енген қара дегелек, Алтай ұлары, қызыл қасқыр, сары тышқан, бұлғын, құндыз, бүркіт, таутеке, күдір, елік, бұлан, аю, қоңыр аю, ұшатын тиін, басқа да бағалы құс-жануарларды қанатының астына алып қорғау, әлпештеу, жат пиғылдылардың қанды шеңгелінен құтқарып қалу, тіпті өлшеусіз кесіліп, ұрланып жатқан ағаштарды күзету болып табылады. Ұлттық парктің тұңғыш директоры, табиғат байлығын қорғауда ерекше еңбек сіңірген Ерен Жұмағұловтың ұжымды басқарған жеті-сегіз жылда көп ізденіс пен ілкімділік танытқанын айта кеткен жөн. Қазір ұлттық паркті Ерлан Мұстафин басқарады.

– Қазіргі таңда елімізде 12 мемлекеттік ұлттық парк бар болса соның ішінде ірісі мен бірегейі Катонқарағай ұлттық табиғи паркі, оның жалпы ауданы 643 мың 477 гектарды құрайды.Ұлттық парктің жануарлар әлемі бай әрі сан алуан. Сүт қоректілердің 68 түрі, құстардың – 280, қосмекенділердің – 3, бау­ырымен жорғалаушылардың – 6, сүйекті балықтардың – 17, омыртқасыздардың 10 мыңнан астам түрі ұлттық парк аумағында кездеседі. Ол ол ма, парк аумағын еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген жан-жануарлардың көптеген түрі мекен етеді. Сирек кездесетін және құруға таяу қалған қар барысы, алтай тау арқары, тас сусары және Иконников жарқанаты, құстың 30 түрі, олардың ішінде дентұмсық тұрпан, лашын, ителгі, балықшы тұйғын, бүркіт, қарақұс, үкі, сұр тырна, ақбас тырна, алтай ұлары, балықтың аса сирек кездесетін түрі – таймен, омыртқасыздардың ішінде жәндіктің екі түрі – Михайлов бақылдауық қоңызы, керемет барылдауық қоңыз, басқа да түрлері ұлттық парктің байлығы әрі мақтанышы. Біздің міндетіміз, Табиғат­ананың байлығын қорғап қана қоймай орман байлығын көздің қарашығындай сақтау, – деп ұлттық парктің бас директоры Ерлан Қабылұлы біраз жайлардан мағлұмат бере кетті.

Жақында Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне жолымыз түсті. Бізді ұлттық парк бас директорының орынбасары Қайырхан Ахмадиев қарсы алды. Қайырхан да осы салада ұзақ жылдар жемісті қызмет еткен тәжірибелі маман.

– Бұл күндері ұлттық парк құрамына Ақсу, Белқарағай, Алтай, Шыңғыстай, Өрел бөлімдері кіреді. Оның ішінде ең үлкені Алтай бөлімі 100 мың гектарды алып жатыр. Бір кездері ұлттық паркте небәрі екі жүздей адам, 84 инспектор болса, қазір мемлекет қамқорлық жасау­да. Бес жүзден астам адам ұлттық паркте еңбек етуде. Жалақы аз болғанымен, уақтылы алып тұрады. Бізде бәрі жақсы деуге келмейді. Проблемалар мен кем­ші­лік­тер кездесіп жатады, – дейді бас дирек­тордың орынбасары Қайырхан Ахмадиев.

Алтайдың аясындағы көп ауылдар қысы алты-жеті айға созылатын ақ­түтек боран мен аязды күндерге көн­дігіп алған. Алтайда жаз екі-үш ай ғана болады десе сенесіз бе? Бұл өңірде қазан айында қар жауып, күн күрт суи бастайды. Қардың қалыңдығы үш-төрт метрге жетеді. Жолдар жабылып, орманшылықта еңбек ететіндердің ауыл­ға қатынауы қиындайды. Ал ұлттық та­би­ғи парктегі мыңдаған жануарлар қатты аязда пана іздеп жақын маңдағы ауылға келетіні де шындық. Ондай кезде оларды қамқорлыққа алу да назарда екен. Орман байлығы мен құс-жануарларды қылтасынан қиғысы келетіндер табылады. Өткен жылы ағашты заңсыз кес­кендерге қарсы бірнеше іс қозғалыпты. Айыппұл ондаған адамға салынған. Парк қызметкерлері түрлі рейдтерді тұрақты жүргізеді. Орман өрті – қауіпті жау. Сонау 2008 жылы тамызда жүздеген гектар орман өртеніп, орасан зиян келгені белгілі. Биыл Табиғат-ана жомарттық танытты, жаң быр мол жауған соң қауіптің бұлты сейілді. Алайда, алдағы уақытта өрт сөндіретін қосымша көлік бөлінсе нұр үстіне нұр болар еді, дейді парк қызметкерлері.

Ұлттық парктің флорасы да ғажайып. Мәселен, парктің өсімдіктер әлемі жоғары сатылы өсімдіктердің 2 мыңнан астам түрімен, мүктер, қыналар мен саңырауқұлақтардың алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Алтай желайдары, сібір ушырмауығы, тәтті жапырақты тас­па, алтай қоңыроты. Қорғауды қажет ететін өсімдіктердің сирек түрі ерекше құндылыққа ие, ал олардың 30-ға таяуы құрып кету алдында тұрғандықтан «Қызыл кітапқа» енгізілген. Бұлардың қатарында алтай рауғашы, алтай сібір қандығы, ала күлтелі қызғалдақ, ірі гүлді және кәдімгі шолпан кебістер, алтай суықшөбі, таңдамалы плаун, дала шұғылдығы, қызғылт семізот, марал түбірі, алтай қасқыржидегі де бар. Міне, осыншама табиғат байлығын қорғайтын азаматтардың ерен еңбегіне сүйсінбеске лаж жоқ.

Орманға аялы алақан керек. Ағашты кесіп, отынға жаратып жатқандардың аз болса да кездесетіні жанға батады. Тіпті, орман ішіндегі көкорай шөпті ұрлап шауып жатқандарға қаншама тосқауыл қойылса да, олар бұл әрекеттерін тыяр емес. Олармен қатаң күресе береміз, дейді ұлттық парк басшылары. Кесілген, өртенген орманды қалпына келтірумен де парк қызметкерлері мықтап шұғылданып жатыр. Белқарағай орманшылығында 40 гектар питомник бар. Онда жүздеген мың ағаш көшеттері отырғызылады. Қарағай, самырсын жылына небәрі 3-4 сантиметр өседі. Осында бірнеше жыл ерекше күтімде болған көшеттер қажетті мөлшерді жинаған соң орманшылықтарға отырғызылады. Сөйтіп, орман байлығы еселеніп арта түседі.

Бұдан екі жыл бұрын Катонқарағай ауылында туризм бекеті ашылды. Өрел ауылындағы орта мектепте «Гид-рейнджерлер» әзірлейтін оқу курсы жұмыс істеп тұр. Міне, бірнеше жылдан бері Өрел мектебінің түлектері алыс-жақын шетелдерден келетін турис­терге қызмет көрсетуде. Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің «Табиғат әлемі» деген газеті және «Гид-рейнджерлер» курсына парк қызметкерлері жан-жақты қамқорлық көрсетіп тұрады. Парк басшысы Ерлан Мұстафиннің айтуынша, мекемедегі қызметкерлер мен орманшыларға да жағдай жасалып тұрады екен.

Өңірде туризм кластерін құруда батыл қадам жасалуда. Қазірдің өзінде өңірде пантымен емдейтін оннан астам шипажайлар жұмыс істеп тұр. Биік тау аясында атпен серуендеуге қызығушылық танытып жатқандар аз емес. Биыл ауданға ондаған мың адам келіп, денсаулығын түзеп қайтыпты. Катонқарағай ауданының жаңа әкімі Дәурен Тілеубаев өңір басшысы Б.Сапарбаевтың туризмді дамыту, аймақта марал пантысымен емдеуде ізденістер таныту жөніндегі тапсырмасын орындау басты міндетіміз, дейді.

Табиғат-ана сыйлаған ерен байлықты көздің қарашығындай қорғағанда ғана ел ырысы еселене түспек. Демек, алдағы уақытта да Катонқарағай мемлекеттік ұлттық паркінің қызметкерлері ізденіс пен ілкімділік таныта бермек.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы.

Соңғы жаңалықтар