«Қазақстан» телеарнасы «Интеллектуалды ұлт – 2020» атты жаңа жобаның тұсауын кесті
Қыркүйек айы білім есігін ашып қана қоймайды, бұл – телеарналардың қалың көрермені үшін жаңа маусымды бастайтын мезгілі. Ендеше, дәл осы күндері ұлттық телеарнада «Білгірлер отауы» жобасы тұсауын кесіп, өз аудиториясына жол тартты.
«Қазақстан» телеарнасы «Интеллектуалды ұлт – 2020» атты жаңа жобаның тұсауын кесті
Қыркүйек айы білім есігін ашып қана қоймайды, бұл – телеарналардың қалың көрермені үшін жаңа маусымды бастайтын мезгілі. Ендеше, дәл осы күндері ұлттық телеарнада «Білгірлер отауы» жобасы тұсауын кесіп, өз аудиториясына жол тартты.
Ұлттық арнадағы бұл жобаның басты ерекшелігі – зияткерлік бағдарлама болып табылады. Бұл да болса уақыттың сұранысынан туған соны бағыт дер едік. Өйткені, көрермендер де талғам-талаптарымен, өре өлшемдерімен топтарға бөлінеді. Мәселен, түрлі ойын-сауық, ән-күй бағдарламаларында көшіп жүретін бір топ әнші, оншақты өнер жұлдызы әбден жалықтырған жұрт барлық кезде көгілдір дидардағы жаңалықшыл дүниелерге құмар. Қазір бұқаралық ақпарат құралдары дамыған мемлекеттерге қарасақ, интеллектуалдық бағдарламаларға ден қоюда. Бұл да бекер емес...
Осы тұрғыдан алғанда, көрермен қауымының таным аясын кеңейтіп, бір сәт болса да ойлануға, апырым-ай дегізіп, таңдануға жетелейтін телеарналардағы танымдық бағдарламаларды санамаласаңыз он саусаққа толуы неғайбыл.
Дегенмен, қазіргі таңда бұлқынысты кезеңдерді бастан өткеріп, көпшіліктің керегін екшеуге көшкен отандық телеарналарда ілгері басқан істер аз емес. Сол ілкімді бастамалардың қатарына «Білгірлер отауын» да қосып қоялық.
– Бұған дейін «Қазақстан» телеарнасында танымдық бағыт ұстанған бағдарламалар болмады деп айтуға келмес. Бірақ, телеарналардағы бағдарламалардың басым бөлігі эстрада жұлдыздарын ғана қатыстырып қояды да, қарапайым адамдар, басқа саланың өкілдері ұмыт қалып жатады. Қарап отырсақ, әрбір саланың өз жұлдыздары бар, көрінбей жүрген таланттары жеткілікті, – дейді «Білгірлер отауы» бағдарламасының авторы әрі продюсері Ұлпан Құрайысова.
Сонымен, аптасына бір рет экранға жол тартатын бір сағаттық тележоба қазақ тілінде жүреді. Бағдарламаны танымал өнер адамы – шығармашылық отбасында дүниеге келген актер әрі композитор Нұрлан Әлімжан жүргізеді. Жоба авторларының таңдауы бұл жігітке текке түспегенін бірден айтқан жөн. Бойында ұлттық намысы бар, ана тілінің тұнығын қанып ішкен, әрі шешен, қай тақырыпқа салсаң да көсем, келбеті көркем актер барлық талап үдесінен шығады.
Аталмыш бағдарламаның негізінде ресейлік «НТВ» арнасының «Своя игра» ойыны жатыр. «Білгірлер отауы» 4 белестен тұрады. Әр салаға байланысты қызықты мәліметтер мен сұрақтардан тұратын сынақтардан сүрінбей білімі мен жылдамдығы арқасында бір топ жеңіске жетіп шетелге барып-қайту мүмкіндігіне ие болады. Бағдарламаның әр кезеңі атауына тән келетін сұрақтардан тұрады.
«Білгірлер отауы» – өз ұлтының бақытты болашағын, кемел келешегін ойлаған, төрт құбыласы түгел, қуатты мемлекет құруды мақсат еткен Елбасының «Интеллектуалды ұлт-2020» ұлттық жобасын қолдаушы бағдарлама. Мақсаты – жан-жақты дамыған білімді, мәдениетті, отаншыл, ұлтжандылықты қалыптастыру. «Білгірлер отауы» – Президентіміздің «Интеллектуалды ұлт» жобасының екінші аспектісі – ғылым саласын дамыту мен еліміздің ғылыми әлеуетін арттыру синопсисін негіз етіп отыр.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.