Спорт • 16 Сәуір, 2020

Футбол: Германия чемпионаты мерзімінен бұрын аяқталуы мүмкін

193 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Германия коронавирус пандемиясына байланысты жалпыхалықтық сипатқа ие жиындарды өткізбеу мерзімін ұзартты.

Футбол: Германия чемпионаты мерзімінен бұрын аяқталуы мүмкін

Bild басылымының хабарлауынша, Германия үкіметі адам көп жиналатын жалпыхалықтық іс-шараларды 31 тамызға дейін шектеген. Бұл шектеуге спорттық жарыстар, оның ішінде футбол матчтары да кіретіні айтпаса да белгілі.

Осы мәселеге орай, Бундеслига клубтарының басшылары 23 сәуірде видеоконференция арқылы жиын өткізуді көздеп отыр. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – үкіметтің шешімін талқылау.

Бұған дейін Неміс футбол лигасы (DFL) ішкі біріншіліктің қалған бөлігін маусым айында жанкүйерсіз өткізуді мақсат етіп отырған болатын. Ең өкініштісі, футбол матчтары жанкүйерсіз өтсе де, қатысатын адамдар санының көптігіне байланысты бәрібір жалпыхалықтық сипатқа ие.

Егер DFL Бундеслиганың қалған ойындарын өткізуге болмайды деп шешсе, онда Германия чемпионаты мерзімінен бұрын аяқталуы мүмкін. Естеріңізде болса, бұған дейін Еуропада Бельгия өз чемпионатын мерзімінен бұрын аяқтап, чемпион команданы анықтап қойған болатын.