Аймақтар • 16 Сәуір, 2020

Қостанай: Полиция карантин тәртібін түсіндірді

521 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай облысында бүгін түнгі 00.00-ден бастап күшіне енетін карантин режімін 29 тосқауыл бекеті, 33 мобилді патруль жасағы және 300-ден астам жаяу полицей қамтамасыз етеді.

Қостанай: Полиция карантин тәртібін түсіндірді

Алғашқы екі күн бойы полицейлер тұрғындарға карантин ережесін бұзбау туралы ескерту, түсіндіру жұмыстарын атқарады. Тәртіп бұзғандар үшінші күннен бастап айыппұл түріндегі әкімшілік жазаға тартыла бастайды.

Аймаққа төтенше жағдай режімі енгізілгелі 408 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 40 тәртіп бұзушы қамауға алынған. Бұл туралы жергілікті полиция басқармасының бастығы Құрмет Мәжікенов айтты. Патруль жасақтары көлік қозғалысы мен тұрғындардың жүріп-тұруына рұқсат етілген мәліметтер базасы қондырылған планшеттермен қамтамасыз етілді. 

Полиция саябаққа барушыларға ерекше тоқталып, шектеу тәртібіне сай, 1 мамырға дейін саябаққа баруға тыйым салынғанын қадап ескертті.  Алайда жұмыс орнына баруға шектеу жоқ. Жұмысқа жетіп алу үшін азаматтардың қолында жұмыс орнынан берілген анықтама болуы керек. Патруль тоқтатқан жағдайда, азамат нақты қайда бара жатқанын анықтап айтып, оның қажеттілігін негіздеуі шарт.

Сондай-ақ, жұмысын тоқтатпайтын кәсіпорындар жергілікті әкімдіктердің кәсіпкерлікті қолдау бөлімдеріне өтініш жазып, көлік қозғалысына рұқсат ала алады. Әкімдік бұл мәліметті полицияға жібереді.

Таксилер қала ішінде ғана жүре алады. Қала сыртына шығуға рұқсат жоқ. Ал қоғамдық көліктер мүлде тоқтайды. Карантин режімінде жұмыс істейтін ірі кәсіпорындарға қала ішінде жұмысшыларын автобуспен тасымалдауға рұқсат етілуі мүмкін.  

Барлық дүкендер сағат 10.00-де ашылып, кешкі 20.00-ге дейін жұмысын тоқтатуы тиіс.  

 

Қостанай облысы